«Теңіздей тулаған махаббат». Арнамызда жаңа сериал басталады. «Жетінші арна» бұл жолы өз қолтаңбасымен жасалған ерекше дубляжбен әлемдік телехикаяның эксклюзивті премьерасын ұсынады. Махаббат та бар. Драма да бар. Дубляж қалай жасалды?
Қазақстанда алғаш рет күллі Түркияны дүрліктірген, рейтингте өз орнын нық айқындаған «Теңіздей тулаған махаббат» хикаясы «Жетінші арна» эфирінде көрсетіледі. Эсме мен Әділдің кіршіксіз махаббаты, Қара теңіз жағалауындағы тартысты оқиғалар мен әулеттер арасындағы күрес енді отандық көрерменге жол тартады. Түркияда көрсетілімі әлі де жалғасып жатқан танымал туындыны біздің көрермен қазақ және орыс тілдерінде тамашалай алады.

ЭЛЬМИРА МАСАЛИМОВА, ДУБЛЯЖ РЕЖИССЕРІ:
— Бұл – кәсіби аудармашылар, редакторлар және дубляж саласында ғана емес, театр мен кинода да көп жылдан бері еңбек етіп жүрген тәжірибелі актерлер. Сериал бізде кадр сыртындағы дубляж әдісімен дыбысталады. Яғни алдымен түпнұсқа дауыс естіледі, содан кейін дубляж қосылады. Мұнда әр кейіпкерге дауыс таңдаудың маңызы зор. Ең бастысы – дубляж актерінің дауыс тембрі түпнұсқадағы кейіпкердің үніне барынша сәйкес келуі керек. Мәселен, түпнұсқада кейіпкер сәл бәсең, қарлығыңқы дауыспен сөйлесе, оны дыбыстайтын актердің дауысы да соған барынша жақын болуы маңызды.

Дубляж кезінде кейіпкердің сөзін аудару ғана жеткіліксіз, Түпнұсқаның бояуын жоғалтпай, әр кейіпкердің мінезі мен сезімін дауыс арқылы жеткізу – дубляж актердің басты міндеті. Бұл – үлкен дайындық пен кәсіби шеберлікті талап ететін жұмыс. Дәл сол қызу жұмысқа дөп түсіп, басты кейіпкерлерді дыбыстайтын дубляж актерімен де тілдесіп үлгердік.
ИЛЬЯС БАЗАРБАЕВ, ДУБЛЯЖ АКТЕРІ:
— Басты рөлдерден Шериф, Оручты, сонымен қатар Гезеп есімді кейіпкерді дыбыстаймын. Үшеуінің мінезі үш түрлі. Бір-біріне сәйкес келмейді. Шериф –қызуқанды, намысқой жігіт. Ал Оруч – байсалды, сабырлы әрі білімді дәрігер. Бізде басты мақсат – дубляж кезінде мәтіннен қателеспеу және кейіпкердің мінезін барынша көрерменге жеткізу. Мысалы, Шерифтің дауысы кішкене төмендеу, жасы Оручтан үлкендеу, оның көкесі. Ал Оручты жастау дыбыспен дыбыстауға тырысамыз.
Құпияға толы тағдырлар, текетірескен әулет мен шынайы сезім. Түркияны тәнті еткен телехикая енді Қазақстан көрерменіне қазақ және орыс тілінде жол тартады. Эсме мен Әділдің махаббат хикаясын сағат 22:00-де «Жетінші арнадан» тамашалаңыз!
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: