Шымкентте жеке тұрғын үйді топырақ басып қалды. Айналма жолдың құрылысы басталғалы бері баспанасының іргесі құрылыс қалдығы мен топыраққа толған тұрғын қауіптеніп отыр. Жауапты мекеме неге үнсіз? Тұрғындардың қауіпсіздігіне кім жауапты.
Әбдірахман Жорабековтың үйі А-2 айналма жолының бойында орналасқан. «Алайда маңызды жолдың құрылысы басталған 3 айдан бері әбден әуреге түстік», — дейді ол. Себебі жолды салу кезінде үйінің іргесін топырақ басып қалған.

ӘБДІРАХМАН ЖОРАБЕКОВ, ҚАЗЫҒҰРТ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Тамның биіктігіндей топырақ жаңбыр, қар жауғанда менің үйіме сырғып кетпейтініне кім кепілдік бере алады? Үйде мүгедек қызым бар, қаншама сілкініс болды, сол кезде үйіме зақым тигізді. Күн жылыда үйім шаң болды, ал қыста, жаңбырда лай-топырақ үйіме кіріп тағы да зардап шегемін бе деген қорқыныш бар.

Жылы ауа райында шаң топырақтан көз ашпаған мұндағы бірнеше үйдің тұрғыны енді жаңбыр жауса, күніміз не болмақ деп үрейленіп отыр. Оған негіз де бар — алдағы күндері жауын-шашын болады. Ал топырақты тазалап әкетуге уәде бергендер екі аптадан бері қарасын да көрсетпепті.

ДАНА АҢДАСОВА, ҚАЗЫҒҰРТ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Кеше кішкене жаңбыр жауғанның өзінде ас үйге су кірді. Тағы бір апта жаңбыр жауады деп жатыр. Ол жаңбырдың жауса судың астында қаламыз. Сосын үйіміз құлайды. Сол кезде үйімізді кім тұрғызып береді?
Тұрғындардың айтуынша, ескі жол үйлерден шамамен 20 метрдей алшақ болған. Соның өзінде талай көлік сайға қарай аударылған. Ал жауапты мердігер компания өкілі барлық жұмыстың талапқа сай жасалғанын жеткізді. Оның айтуынша, топырақ ережеге сәйкес төгілген.

МАҚСАТ МАРАТБАЙҰЛЫ, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ:
— Бірінші топырақты көтеріп алмай, қабырға құя алмаймыз. Бізге сметада негізі берілмеген. Біз өзіміз ұсыныс бердік. Бұл кісіге де: «Топырақ түсіп жатыр, қақпаңызды құйып береміз, жұмысты бітіріп алғаннан кейін тазалап беріп кетеміз», — дегенбіз. Сөйтіп, транспорт бөліміне ұсыныс бердік, біздің ұсынысымызды қолдады. Енді бірінші үйден үшінші үйге дейін түгелімен бөліп тұратын қабырға құйылады. Қауіп болмайды.

Мердігер компания бұл жерге биіктігі 6 метр, қалыңдығы 50 сантиметр, ұзындығы 300 метр болатын бетон тіреуіш орнатуға уәде беріп отыр. Жұмысты бірнеше күнде бастамақ. «Ал үй қабырғасының жарылуына қатысты мәселені сараптама арқылы дәлелдеу керек», — дейді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: