Алматы облысында полиция қашқан көліктің дөңгелегіне оқ атып тоқтатуға мәжбүр болды. Оқиға Іле ауданына қарасты Жайнақ ауылында болды. Көлікті жасөспірім айдаған. Ол тоқтау туралы бұйрықты тыңдамай, жүйтки жөнелген. Яғни, жолда патрульді көргенде қорқып, қашқан. Тәртіп сақшылары кәмелетке толмаған баланың тәрбиесіне немқұрайлы қараған әкені жауапқа тартты.
ЕРНАР САЙДІЛДИН, ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Атап айтқанда, жүргізуші куәлігі жоқ кәмелетке толмаған жасөспірім автокөлік басқарып, полиция қызметкерлерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабына бағынбай, қозғалысын жалғастырған. Осылайша, ол жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндірген. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Іс материалдары құқық бұзушыны профилактикалық есепке қою мәселесін қарау үшін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
