Он жылда елде 500-ден астам ауыл жойылған. Мал бағып, егін салып, бақша күткен ауыл жұрты бәрін тастап, үдере қалаға көшіп жатыр. Биыл шаһар жұрты ел халқының 64 пайызына жеткен. «Көші-қон негізінен Астана, Алматы мен Шымкентке шоғырланған. Урбандалу процесі қарқынды», — дейді мамандар. Ал, мегаполистер бұған дайын ба?
Елімізде биыл қалалықтардың саны жалпы халықтың 64 пайызын құраған. «Урбандалу процесі жоғары қарқынмен жүріп жатыр және оны тоқтату мүмкін емес», — дейді демограф Шынар Төлешова. Халықтың 25 пайыздан астамы үш қала: Астана, Алматы, Шымкентте тұрады. Астана көші-қон жағынан биыл Алматыны басып озған.
ШЫНАР ТӨЛЕШОВА, ДЕМОГРАФ:
– Астана қаласы 100 мыңға жуық адам жыл сайын тіркеліп отырады. Екінші мәселе, Алматы қаласының көші неге кешеуілдеп қалды дегенге келсек, біз Алматы облысының көшіне қарауымыз керек. Соңғы екі жылдықта Алматы облысына көшкендердің саны артып бара жатыр. Яғни Алматы қаласына жақын орналасқан агломерацияның дамуының есебінен Алматы облысына көшушілердің де саны күрт өскен.
Ауылдан қалаға көшудің себебі тек жұмыс пен жоғары жалақы емес. Көпшілік баласының сапалы білім алып, жақсы ортада өскенін қалайды. Шалғай елді мекендерде мектеп, аурухана, жол мәселесі әлі де шешімін таппай келеді. Бір кездері қайнаған тіршілігі бар ауылдарда адам саны азайып, кейбірі тіпті жойылудың аз-ақ алдында тұр.
НҰРБОЛАТ ҚҰРМЕТҰЛЫ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:
– Иә, Қазақстанда ауылдық елді-мекендер санының қысқарып келе жатқанын байқауға болады. Соңғы 10 жылдың мәліметін алсақ, Қазақстанда 500-ден астам ауыл жойылған. Бұл жерде ауылдар жер бетінен өшіп қалды деп дабыл қағып қажет емес деп ойлаймын. Өйткені бұл ауылдардың халқының саны 50 адамнан төмендеген.
Ал мегаполистерде құрылыс қарқын алған сайын мектептер мен ауруханаларға түсетін салмақ та артып барады. Ал аймақтар керісінше білікті мамандарынан, адами ресурстарынан айырылып жатыр. Құрылтай депутаты Юлия Кучинская халықтың өңірлерден жаппай көшуі әлеуметтік теңсіздікті одан әрі ушықтыруы мүмкін деп алаңдайды.
ЮЛИЯ КУЧИНСКАЯ, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ:
– Меніңше, мұның соңы үлкен алшақтыққа әкелуі мүмкін. Халықтың табысы, тұрмыс деңгейі мен өмір сүру жайлылығының арасындағы айырмашылық ұлғайып, қоғамда әлеуметтік шиеленіс күшейеді. Бұған жол бермеуіміз керек. Халықтың үш ірі қаланың төңірегіне шоғырланып, ал елдің басқа өңірлерінде тұрғындар санының азаюына жол беруге болмайды. Бұл – аумақтық қауіпсіздік мәселесі де. Ойланып көріңіздерші, шекара маңындағы жерлерімізді айтпағанда, жалпы еліміздің кең-байтақ аумағында халық сиреп кетсе, оның соңы неге әкелуі мүмкін?
Елдің кей өңірлерінде инфрақұрылым мәселесі әлі де өзекті екенін мамандар жоққа шығармайды. Сапалы жолдың жоқтығы, суды тасып ішіп, от жағу, басы ауырып, балтыры сыздағанда шұғыл медициналық көмекке зәру болу сияқты қиындықтардан қажыған тұрғындар амалсыздан орталыққа қоныс аударуға мәжбүр.
ЖҰЛДЫЗАЙ ЫСҚАҚОВА, ҚАЗАҚСТАН ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
– Мысалы, біздің туысымыз ауылда тұрады делік. Ең жақын аудан орталығына апаратын жолдың жайы мәз емес. Әйел босанса, қарттар сырқаттанса, аудандық ауруханаға жету қиямет қайым. Сондықтан «Халықтық құрылыс» ауыл халқының қалаға үдере көшуін тоқтатуға мүмкіндік береді деп есептеймін. Қаладан 100 шақырым жердегі ауылдың жолы жақсы болса, адам ауылдан кетпейді деп ойлаймын.
Бұл көшті тоқтатуға «Халықтық құрылыс» бағдарламасы сеп болуы мүмкін. Ауқымды жоба аясында алдағы үш жылда шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау жоспарланған. Қаржы өңірлердегі инженерлік желілерді жаңартуға, жол салуға және әлеуметтік нысандар тұрғызуға жұмсалмақ. Сарапшылардың пікірінше, ауыл-аймақтың жағдайын жақсарту арқылы тұрғындардың туған жерінен көшіп кетуіне тосқауыл қоюға, ал ірі қалаларға түсетін салмақты азайтуға болады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
