«Әділет» партиясына соңғы үш айда тұрғындардан 7 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 1 173-і жол инфрақұрылымына қатысты. Бұл мәселе 14 өңірде бірінші орынға шыққан. Осыған байланысты Партиялық бақылау комитетінің алғашқы отырысында өңірлердегі жолдардың жай-күйі талқыланды. Жиында жол сапасының талапқа сай болмауы, жөндеу жұмыстарының созылуы және бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы сияқты мәселелер көтерілді. Тексерілген жол материалдары сынамаларының үштен бірі талапқа сәйкес келмеген. Ал Таразда басталмаған жөндеу жұмыстарына 250 миллион теңгеден астам қаражат төленгені айтылды. Комитет мүшелері проблемалық учаскелерге барып, жол сапасы мен мердігерлердің міндеттемелеріне бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар тұрғындардың ұсыныс-тілектерін қабылдау үшін партия сайтында арнайы электрондық бөлім ашылды.
МАРАТ ҚОЖАЕВ, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ПФ МҮШЕСІ:
– Автомобиль жолдарына қатысты мәселелердің қоғамдық деңгейімен, әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, нақты ең проблемалық мәліметтерде тиісті партиялық және қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген тапсырмалары мен партияның сайлауалды бағдарламасының «өңірлер мықты болса, ел мықты» деген басым бағытын сапалы әрі толық көлемде орындау – біздің басты міндетіміз.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
