Интернет казинолардың заңсыз жұмыс істеуіне көмектесіп қыруар пайдаға кенелген. Миллиардтаған теңгеге қаржылық операция жасалған істі Қаржылық мониторинг агенттігі сотқа жолдады.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер өздерінің бақылауындағы үш компанияның төлем жүйесін пайдаланып, шетелдік интернет-казинолардың пайдасына ақша аударып отырған. Бұл жүйеге түрлі банкте орнатылған жүздеген терминал кірген. Жүргізілген операциялардың жалпы көлемі 191 млрд теңгеге, ал есептелген комиссиялық сыйақы 286 млн теңгеге жеткен. Ақшаның қандай мақсатқа аударылғанын жасыру үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректемелері пайдаланылған. Кейбірі бұл жағдайдан бейхабар болған. Олардың атына интернет арқылы төлем қабылдайтын терминалдар тіркелген.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Ал жалған шарттар мен арнайы жасалған сайттар арқылы ақша тауарлар мен қызметтердің ақысы ретінде төленгендей көрсетілген. Қаражат шетелдік тараптарға, соның ішінде криптовалюта арқылы аударылған. Қылмысты ұйымдастырған адам қамауға алынды. Соттың рұқсатымен төрт көлікке және 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
