«Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай, Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай» деп ақын Абай жырлағандай, 4 мезгілдің бірі ерте, бірі кеш келетіні белгілі. Ал биыл ұзақтау болған күзгі жылымық қыр астындағы қаһарлы қысты ұмыттырғандай болған еді. Дегенмен түнде шөптің басын боз қырау шалып, ауа температурасы төмендеді. Тіпті кей өңірлерде жаңбыр соңы қарға ұласып алғашқы көктайғақ әу дегеннен жүргізушілердің жолға шығуға әзір емесін көрсетті.
Күн райы күрт бұзыла бастады. Кей өңірлерде толассыз жауған жаңбыр соңы қарға ұласып, көк мұзға айналды. Ауа райының нашарлауына байланысты соңғы екі күнде Ақмола және Павлодар облыстарындағы республикалық маңызы бар автожолдардың бірнеше учаскесінде жазғы дөңгелекпен жүрген көліктердің барлық түріне қозғалыс шектеуі енгізілді. Жүздеген адам діттеген жеріне жете алмады. Бұған көліктерінің дөңгелегін маусымға сай ауыстыруға асықпаған жүргізушілер кінәлі, әрине. Полицияның мәліметінше, жүргізушілер отбасымен бірге жолға шығып, өз өмірі мен жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірген. Соңғы күндері бірнеше жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан балалар да зардап шекті.

ЕРЖАН ҚОШҚАРБАЕВ, ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
— Кейбір ата-аналардың жауапсыздығы алаңдатады. Полиция департаменті қысқы дөңгелекке уақытылы ауысу қажеттігін бірнеше рет ескерткен болатын. Соған қарамастан, кеше 744 көлік кері қайтарылды. Олардың шамамен 300-400-інде балалар болған. Жүргізушілер жолда көктайғақ бар екенін біле тұра, жазғы дөңгелекпен сапарға шыққан.
Полиция қызметкерлері жазғы дөңгелекпен келе жатқан 800-ге жуық көлікті кері қайтарған. Ауа райы күрт суытып, шуақты күндердің орнын нөсер жаңбыр басып, тіпті кей өңірлерде қарға ұласпақ. Түнгі үсік, қар мен көктайғақ жолдардағы жағдайды қазірдің өзінде айтарлықтай қиындатып жіберген.
НҰРСҰЛТАН БАЙМҰХАН, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК» АҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ИНЖЕНЕРІ:
— 9 қараша Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңбыр аралас қар жауып, кей жерлерде қар күтіледі. Осыған байланысты республикалық автожолдардың жекелеген бөліктерінде көріну қашықтығы төмендеп, жол беті тайғақ болуы мүмкін. Жүргізушілерге ауа райын ескеріп, қауіпсіз арақашықтықты сақтауды, жол жағдайына қарай жылдамдықты таңдауды және оқыс маневр жасамауды ұсынамыз.

Синоптиктердің мәліметше, алдағы үш күнде Қазақстан аумағында күн құбылады. Кей өңірлерде жаңбыр жауса, енді бір аймақта қар жауады. Түнде және таңертеңгі уақытта еліміздің барлық аумағында тұман түсіп, жолдарда көктайғақ құбылысы болуы ықтимал. Сондықтан алыс жолға шықпас бұрын маусымдық дөңгелекті ауыстырып, сенімді көлікпен шыққан жөн. Сақтансаң, сақтаймын деген.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: