АҚШ Иранның ядролық бағдарламасына қатысты құнды ақпарат үшін 20 миллион доллар сыйақы жариялады. Ал Жапонияда жер сілкінісі болып, Мысырда пойыздар соқтығысты.
Жапонияда тағы да жер сілкінді, кемінде 22 адам зардап шекті. Магнитудасы 5,7-ге жеткен. Зардап шеккендердің көбі зілзала кезінде қауіпсіз жерге асығып, баспалдақтан құлап жарақат алған. Зілзаладан Яманаси мен Айти префектураларындағы ғимараттар, сондай-ақ Хамамацу, Киото және Нара қалаларындағы нысандар бүлінген. Көптеген дүкеннің әйнек витриналары қираған. Жерасты дүмпуінен кейін бірнеше афтершок тіркелді. Метеорологтар алдағы күндері Жапонияда тағы да күшті жер сілкінісі болуы мүмкін екенін ескертті. Оған қоса, нөсер жаңбыр жауып, лай көшкіні жүру қаупі бар. Айта кетейік, бұл – соңғы жеті күндегі үшінші зілзала.

Мысырда теміржол апатынан 7 адам көз жұмып, тағы 125-і жарақат алды. Алдын ала мәлімет бойынша, қозғалыстағы жолаушылар пойызы жолда тұрған екіншісіне соғылған. Салдарынан бірнеше вагон рельстен шығып кеткен. Оқиға орнына 72 жедел жәрдем көлігі жіберілді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Мамандар дабыл жүйесіндегі ақау мен машинистің қателігі нұсқаларын тексеруде. Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз. Қазір 43 адам ауруханада жатыр. Оның 12-сінің жағдайы тұрақсыз. Тағы 71 жолаушы ауруханадан шығарылған.
Польшадағы Краков қаласында оқ жаудырған 24 жастағы күдікті ауруханада көз жұмды. Ол полициямен атыс кезінде жараланып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы Польша полициясы хабарлады. Еске салайық, өткен сенбіде ер адам көлікпен қаланың орталық алаңына келіп, айналасындағыларға оқ атқан. Полицейлер шабуылдаушыны бірнеше минуттың ішінде залалсыздандырғанымен, қайғылы оқиғаның салдарынан 6 адам қаза тауып, тағы 17-сі жараланған. Зардап шеккендердің арасында екі тәртіп сақшысы да бар. Ал күдіктінің үйінен тағы үш адамның мәйіті табылған. Марқұмдар оның жақын туыстары екені белгілі болды. Қанды шабуылдың нақты себебі әзірге белгісіз. Польшада 8 және 9 қараша ұлттық аза тұту күндері болып жарияланды.

Ақ үй Таяу Шығысқа қысымды күшейтті. Вашингтон Иранның ядролық қару бағларламасы туралы нақты мәлімет берген адамға 20 миллион доллар сыйақы жариялады. Бұл бастама АҚШ Мемлекеттік департаментінің «Әділдік үшін сыйақы» бағдарламасы аясында іске аспақ. Бағдарлама ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін тұлғалардың орналасқан жерін анықтауға немесе оларды қолға түсіруге көмектесетін ақпарат үшін қомақты қаржы ұсынады. Ал Тегеран әзірге ядролық бағдарламасын талқылауға ниетті емес. Иран билігі АҚШ-пен арадағы қақтығыс тоқтап, теңіз блокадасы мен өзге де талаптары орындалмайынша, бұл мәселе бойынша келіссөз жүргізбейтінін бірнеше рет мәлімдеген.

REWARDS FOR JUSTICE:
«Иранның ядролық бағдарламасына қатысты ақпарат үшін 20 миллион долларға дейін сыйақы беріледі. Атап айтқанда, ядролық саладағы ғалымдар мен қызметкерлер, осы бағыттағы технологиялар мен мүмкіндіктер, сондай-ақ оларға қатысы бар ұйымдар мен мамандар туралы мәлімет іздестіріліп жатыр».
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: