Жаңа жылдан бастап учаскелік дәрігерлердің жалақысы 40 пайызға дейін өседі. Бұл – Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында берген тапсырмасы. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласына бірқатар жаңашылдық енгізілмек. Атап айтқанда, дәрігерлердің науқастарды қабылдау уақыты күніне төрт сағаттан алты сағатқа дейін ұзартылады. Ал маманның қабылдауына жазылған азаматтардың күту мерзімі үш күнге дейін қысқаруы тиіс. Бұл өзгерістер медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Бір ауысымда ондаған науқасты қабылдау, тұтас бір учаскедегі тұрғындардың денсаулығына жауап беру және дәрігерлік кабинеттен тыс атқарылатын қыруар жұмыс. Бүгінде учаскелік медицина қызметкерлерінің міндеті ауқымды. Олар науқастарды қабылдап қана қоймай, аурулардың алдын алу, созылмалы дертке шалдыққан азаматтарды бақылау және емдеу процесін қадағалаумен де айналысады. Енді оларға мемлекеттік қолдау күшеймек. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, жаңа жылдан бастап учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы өседі.

ӘЛІ НҰРҒОЖАЕВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:
— Егер жалақыны көтеру мәселесі осындай жоғары деңгейде айтылса, тиісті есептеулер жүргізіліп, қажетті қаражат та қарастырылған шығар деп ойлаймын. Жарияланғандай, еңбек өтілі артқан сайын жалақының да өсуі мамандарды осы салада тұрақтап, ұзақ жыл жұмыс істеуге ынталандыруы тиіс. Теориялық тұрғыдан алғанда, мұндай тәсілдің тиімділігі бар.

Жезқазғандық жалпы практика дәрігері Абзал Жұбаев та учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы көтерілетіні туралы жаңалықты қуана қабылдаған. Оның айтуынша, бұл – медицина мамандарының еңбегі мен қоғамдағы маңызын мойындаудың бір көрінісі.

АБЗАЛ ЖҰБАЕВ, ЖАЛПЫ ПРАКТИКА ДӘРІГЕРІ:
— Жалпы практика дәрігері – науқас бірінші жүгінетін алғашқы буын маманы. Ол ауруды анықтап, оның алдын алумен, емдеумен және созылмалы аурулары бар науқастарды бақылаумен айналысады. Жалпы практика дәрігерінің еңбегі өте ауқымды. Бұл жұмыс үлкен жауапкершілікті және үнемі білім жетілдіруді талап етеді. Науқастарды қабылдаудан бөлек, бізге бекітілген учаскедегі тұрғындарға қызмет көрсету, құжаттармен жұмыс істеу сияқты қосымша міндеттер де бар. Мұның бәрі психологиялық және эмоциялық тұрғыдан қолдауды қажет етеді.

Ұлытау облысында учаскелік дәрігерлердің жалақысы қайта қаралғаннан кейін олардың қанша табыс табатыны алдын ала есептелді. Мұнда үстемеақы мөлшері маманның еңбек өтілі мен жұмыс істейтін жеріне байланысты белгіленеді. Ауылдық жерде еңбек ететін дәрігерлерге жоғарырақ төлем қарастырылған.

ДӘУРЕН ЖӘКЕЕВ, ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ ДСБ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Үстемеақы мынадай тәртіппен есептеледі: екі жыл еңбек өтілі бар мамандарға – 20 пайыз, үш жыл еңбек өтілі үшін – 30 пайыз, ал бес және одан да көп жыл жұмыс істегендерге жалақысының 50 пайызы көлемінде қосымша ақы төленеді. Осылайша, еңбекақы мөлшері үздіксіз еңбек өтілі мен жұмыс орнына байланысты өседі. Мәселен, еңбек өтілі ең жоғары учаскелік дәрігердің жалақысы ауылдық жерде 700 мың теңгеге, ал қалада 600 мың теңгеге дейін жетеді. Жалпы жалақы 50 мыңнан 216 мың теңгеге дейін өседі.

Жалақыны көтерумен қатар, учаскелік дәрігерлердің жұмыс кестесі де өзгеруде. Енді олар бұрынғы төрт сағаттың орнына күніне алты сағат науқас қабылдауы тиіс. Сондай-ақ дәрігердің қабылдауына жазылған азаматтардың күту мерзімін бір-үш күнге дейін қысқарту жоспарланған. Жауапты мамандар бұл шаралар алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, учаскелік дәрігер мамандығына жас кадрлардың қызығушылығын күшейтеді деп үміттенеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: