Тарих қойнауынан сыр шерткен алтын аю. Алматы қаласының аумағынан бірегей сақ жәдігері табылды. Көне қорымды қазу кезінде ғалымдар бұрын-соңды кездеспеген алтын әшекей мен бірнеше адамның сүйегіне тап болды. Ежелгі сақ дәуірінің бұл құпиясы несімен ерекше?
Екі мың жылдан асатын бұл қорғаннан археологтар жеті адамның сүйегін тапты. Жерлеу салтына қарағанда, мұнда ауқатты отбасы жерленген. Қазба жұмыстары Алматының Наурызбай ауданындағы Қарағайлы қорымында жүргізілді. Қорғанның диаметрі шамамен 26 метр, биіктігі екі жарым метр. Алдын ала болжам бойынша, жерлеу орны сақ дәуіріне жатады. Алайда қорған тоналған. Бұйымдардың басым бөлігі жан-жаққа шашылып қалған. Сондықтан археологтар сегіз грамм алтыннан құйылған мүсінді үлкен олжа санап отыр.
Сақ қорғанын зерттеу барысында Қазақстан археологиясы үшін сирек кездесетін жәдігер анықталып отыр. Ол – аю бейнесінде алтыннан құйылып жасалған мүсін. Алдын ала болжам бойынша, бұл – бас киімнің бір бөлігі. Осындай әшекей бұйым табылып отыр.
Алайда археологтарды таңғалдырғаны – алтын әшекей ғана емес. Қорған ішінде жерленген төрт ересек адам мен үш баланың сүйегі де назар аудартты. Мамандар Қазақстан аумағында дәл осындай отбасылық жерлеу орнын алғаш рет кездестіріп отырғанын айтады. Әдетте көлемі осыған шамалас қорғаннан бір немесе екі адамның ғана сүйегі табылатын.
МАРАТ НҰРПЕЙІСОВ – МУЗЕЙ БІРЛЕСТІГІНІҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ
Бұл сол кездегі ақсүйектер болуы мүмкін. Көсемнің әулетіне немесе ірі әскери қолбасшының отбасына тиесілі адамдар болуы ықтимал. Бірақ сол кезде нақты не болғаны – жұмбақ. Осындай жаппай жерлеу болғанын елестетіп көріңізші! Тіпті мұнда жетеу емес, сегіз адам жерленген болуы да мүмкін. Өйткені біз адам санын бас сүйек сынықтары бойынша ғана есептедік.
Тұтас бір отбасының бір қорымға жерленуіне не себеп болғаны әзірге белгісіз. Болжамдардың бірі – індет, енді бірі – зорлық-зомбылық. Бұл болжамдарды тексеру үшін антрополог шақырылып, қосымша зерттеу жүргізілмек. Содан кейін ғана жәдігерлер Алматы музейіне қойылуы мүмкін. Ал салмағы небәрі сегіз грамм болатын алтын аю мүсіншесі Жетісудың көне тарихын тануға жол ашатын тағы бір маңызды бұйымға айналмақ.
Гүлдана Сейдрасул, Альбина Өнербаева, Медет Исапанов, 7 арна, Алматы.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
