Елде ескі газ баллондары – қауіп көзі. 350 мыңға жуық баллонның қолданыста жүргеніне 40-50 жыл болған. Оларды шұғыл ауыстыру қажет. Былтыр жылу беру маусымында газ баллондарының жарылуына байланысты жеті оқиға тіркелген. Бұл мәселе Үкімет отырысында көтерілді. Ескі баллондарға қатысты тағы не айтылды?
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Биыл тұрғын үйлердегі өрт саны 12 пайызға азайған. Бірақ бұл босаңсуға себеп емес. Жылу беру маусымы енді басталды. Ал нағыз аяз әлі алда. Сондықтан Үкімет басшысы жауапты министрліктер мен әкімдіктерге өрт қауіпсіздігін күшейту тапсырды. Әсіресе пешпен жылытылатын үйлер мен ескі электр желілеріне назар аудару керек. Өрттің басым бөлігі тазаланбаған мұржадан, жөнделмеген пештен және тозығы жеткен сымдардан шығады. Демалыс және мереке күндері де тұрғын үйлерді аралап, рейд жүргізу міндеттелді. Ал әлеуметтік осал топтардың үйлеріне орнатылуға тиіс өрт датчиктері кей өңірлерде әлі толық қойылмаған. Түркістан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласында жұмыс ақсап тұр.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Жылудың сапасына наразы немесе жылусыз қалған тұрғындар тарапынан шағымдар да келіп түсуде. Олардың ішінде Ақтау, Павлодар және Петропавл тұрғындары бар. Өңір әкімдеріне жылу беру маусымына жауапты өңірлік штабтардың жұмысын күшейтіп, халықтың арыз-шағымдарына жедел әрекет етуді тапсырамын. Сонымен қатар өңір әкімдіктері халыққа қажет көмірдің тұрақты бағамен қолжетімді болуын бақылауда ұстасын.

ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Газ баллондарына келсек, оларды айналымнан шығару мен жаңарту тәртібі әлі толық реттелмеген. Көкшетауда жаңа баллон шығаратын зауыт іске қосылған. Атырау мен Алматыда да осындай өндіріс ашу жоспарланып отыр. Премьер-министр Энергетика министрлігіне бір ай ішінде ескі баллондарды ауыстыру, айналымнан алу және бақылау тетігін әзірлеуді тапсырды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: