Астанадағы тұрғын үй кешенінде екі жасөспірімнің өліміне қатысты полиция тергеуді бастады. Алдын ала мәлімет бойынша, олар 13-қабаттан құлаған. Оқушылардың өмірден баз кешуіне не себеп болды? Кіреберістегі бейнебақылау камералары нені түсіріп алған?
Куәгерлердің айтуынша, қайғылы жағдай кеше кешкі сағат алты-жетілер шамасында осы тұрғын үй кешенінде болған. Кәмелетке толмаған екі қыз бала 13-қабаттан құлап, оқиға орнында көз жұмды. Оқыс оқиғадан кейін мұнда жедел жәрдем көлігі мен полицейлер келген. Тәртіп сақшылары аумақты дереу қоршауға алып, тексеру жұмыстарын жүргізген. Қазір қоршау алынып, қан іздері құммен жабылған. Тұрғындардың бірі сол сәтте пәтерінің ішінен қатты тарс еткен дыбыс естігенін айтады. Алғашында не болғанын түсінбеген.
Осы үйдегі тұрғындардың бірі лифтідегі бейнебақылау камерасының жазбасын көргенін айтады. Оның сөзінше, қыздар оқиғаға дейін біраз уақыт балконда көңіл күйсіз, қатты жабырқап отырған. Тіпті бірінің қолында жазбаға ұқсас қағаз да байқалған.
ЛӘЙЛА КЕНЖЕБАЕВА, ҮЙДІҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Видеодан өз көзімнен көрдім. Ұнжырғасы түсіп, екеуі де көңілсіз жылап кірді. Лифтіде 13 қабатты бірден басты. Балконға кіріп бара жатқанда қолында қағаз болды. Қағазды шашы сары қызға береді де, екеуі есікті жауып алады.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Қайғылы жағдайдан кейін тұрғындар әлі де есеңгіреп отыр. Олардың айтуынша, бір сыныпта оқыған болуы мүмкін. Алайда олардың мұндай қадамға баруына не себеп болғаны әзірге белгісіз. Бұл сұраққа әзірге ешкім нақты жауап бере алмайды.
Тұрғындар оқушылардың өмірден баз кешуіне біреудің қысымы немесе басқа да жағдайлар себеп болуы мүмкін деп топшылайды. Құқық қорғау органдары аталған дерек бойынша тергеуді бастады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
