Қарағанды облысындағы Майөзек ауылында үш ай бұрын алтын табылған. Содан бері бұл жерге алтын іздеуші ағылып жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, содан бері ауылдың тыныштығы бұзылған.
Алтын іздеушілер тәулік бойы жер қазып, ауыр техника тынымсыз жүріп жатыр. Бұрын мал жайылатын жайылымдар терең ор мен қазаншұңқырға айналған. Бұған наразы тұрғындар полицияға шағым түсірді. Тәртіп сақшылары елде бағалы металдарды заңсыз өндіруге тыйым салынғанын айтады. Сондықтан ондаған көлікті айыптұрағына қойып, арнайы техникалар мен металл іздегіш құрылғыларды тәркілеп жатыр. Алайда бұл шаралар алтын іздеушілерді тоқтатар емес.
БАҚЫТЖАН ҚҰДИЯРОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Әлеуметтік желілерде Бұқар Жырау ауданына қарасты Майөзек ауылының маңында белгісіз адамдардың алтын іздеп, заңсыз жер қазу жұмыстарын жүргізіп жатқаны туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты полиция қызметкерлері заңсыз әрекеттердің жолын кесу және жағдайды жан-жақты тексеру мақсатында кешенді іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде, 30 автокөлік пен 11 арнайы техника айып тұрағына қойылды. Сондай-ақ бағалы металдарды іздеуге пайдаланылуы мүмкін 40-тан астам металл іздегіш құрылғы тәркіленді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
