Ақтау, Павлодар және Петропавл тұрғындары жылудың сапасына наразы. Халықтың шағымы Үкіметке дейін жеткен. Премьер-министр бүгінгі отырыста әкімдерге жылуға жауаптылардың жұмысын күшейтуді тапсырды. Пеш жағатын жұрт көмірсіз қалмасын, бағаның қолжетімді болуын бақылауда ұстаңдар деп Үкімет басшысы аймақ әкімдеріне пәрмен берді.
Энергетика министрі жылыту маусымы штаттық режимде жүріп жатыр дегеніне қарамастан, жылусыз қалған тұрғындардан шағым әлі де түсіп жатыр. Соның ішінде солтүстіктегі екі өңір мен Ақтаудың халқы тоңып отырмыз деп үкіметке арызданған. Олжас Бектенов аймақ басшыларына жылу беру маусымына жауаптылардың жұмысын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, өңірлердегі көмір бағасын бақылауда ұстау керек деді. Энергетика министрінің есебі бойынша, биыл қыстап шығу үшін халыққа 5,7 млн тонна, коммуналдық мекемелерге 1,6 млн тонна көмір қажет.
ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ, ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
— Есепті күнге өңірлерде 4,5 млн тонна көмір дайындалды, бұл жалпы қажеттіліктің 62% құрайды. Осыған байланысты әкімдіктер коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халық үшін көмір қорын дайындауды қамтамасыз етіп, өңірлерде жасанды дүрбелеңнің туындауына жол бермеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауға тиіс.
Үкімет басшысы жауапты министрліктер мен әкімдіктерге өрт қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды. Әсіресе пешпен жылытылатын үйлер мен ескі электр желілеріне назар аудару керек. Өрттің басым бөлігі тазаланбаған мұржадан, жөнделмеген пештен және тозығы жеткен сымдардан шығады. Демалыс және мереке күндері де тұрғын үйлерді аралап, рейд жүргізу міндеттелді.
МҰРАТ МҰХАНОВ, ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ:
— Әлеуметтік көмек көрсету аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, үйлерге өрт датчиктері орнатылуда. Тек тамыз айынан бері 13 мыңнан астам датчик орнатылды. Былтырдан бері жеке тұрғын үйлерді автономды түтін өрт хабарлағыштарымен жабдықтау міндетті талап ретінде енгізілгенін айта кеткен жөн.
Әлеуметтік осал топтардың үйлеріне орнатылуға тиіс өрт датчиктері кей өңірлерде әлі толық қойылмаған. Түркістан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласында жұмыс ақсап тұр.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Өңір әкімдіктеріне Төтенше жағдайлар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлесіп, бір апта мерзімде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғын үйлердің тізімін жаңартуды тапсырамын. Анықталған кемшіліктерді жою шараларын қабылдай отырып, үй-үйді қайтадан аралап шығу керек. Жалпы, өрт датчиктерін орнату жұмыстарын күшейткен жөн.
Газ баллондарына келсек, оларды айналымнан шығару мен жаңарту тәртібі әлі толық реттелмеген. Көкшетауда жаңа баллон шығаратын зауыт іске қосылған. Атырау мен Алматыда да осындай өндіріс ашу жоспарланып отыр. Премьер-министр Энергетика министрлігіне бір ай ішінде ескі баллондарды ауыстыру, айналымнан алу және бақылау тетігін әзірлеуді тапсырды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
