Қазақ тілі» қоғамы – мемлекеттік тілдің мызғымас тұғырын нығайтып жүрген аса маңызды құрылым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Қазақ тілі қоғамының мерейтойлық Х құрылтайында құрылым жұмысына оң баға берді. 2023 жылы бұл қоғамның құрылуына мемлекет басшысы түрткі болып, қорға алғаш рет өз атынан 7 млн теңге құйған болатын. Содан бері ұйым қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру мен қазақша мазмұнды байытудан басқа әлемдегі беделді студиялармен әріптестік орнатып, талай мультфильм мен фильмді қазақ тілінде дыбыстады. Оның сыртында мамандар джипити моделін қазақша үйрету ісімен айналысуда.

Сонау 1989 жылы іргесі қаланған ұйымның егемен ел тарихындағы орны бөлек. Кезінде көрнекті ғалымдар мен академиктер Әбдуәли Қайдар және Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамының тарихи жолын қазіргі буын өкілдері мен белгілі тіл мамандары лайықты жалғастырып келе жатыр», – деген Президент ұйымның әр мүшесіне ризашылығын білдірді. Тіл мәртебесін арттыруда Халықаралық қазақ тілі қоғамда айрықша орын алып отыр. Мұны қоғам төрағасы Рауан Кенжеханұлы да айтты.

РАУАН КЕНЖЕХАНҰЛЫ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
– Атап айтсақ, алғашқы жарнасын өзіңіз салған Қазақ тілі эндаумент қорының көлемі есептік кезеңде 100 есе өсті. Соның арқасында қазіргі тілдік орта мен тілді дамыту технологияларына ықпалы зор ірі халықаралық орталықтармен байланыс орнатып ана тілімізді әдістемелік, мазмұндық және технологиялық тұрғыдан күшейтуге жол ашқан бірқатар нақты бастамалар мен жобалар іске асуда.

Соның ішінде жасанды интеллект көш бастап тұр. OpenAI компаниясымен бірлескен жоба аясында көлемі 14 миллиард токен болатын мәтін корпусы қалыптасқан және 12 мың сағат аудиожазба жинақталған. Алда әлі де атқарылар іс көп. Құрылтайда Мемлекет басшысы қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтауға баса назар аударды. «Жалпы, біз қазақ тілінің сөздік қоры өте бай деп жиі айтамыз. Мұның шындық екені де күмәнсіз. Әдеби-мәдени мұрамыз да ұшан-теңіз. Дегенмен тілімізде әлі де қаптаған түсініксіз аудармалар бар. Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір сөздердің қисынсыз аудармасына қатысты пікір білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
– Бірақ жалпы тіліміз басқа іргелес елдердің тілдерімен салыстырғанда әлдеқайда таза деп айтсақ, дұрыс болар. Мысалы, бұрын өте сирек пайдаланған немесе мүлде пайдаланбаған «тұжырымдама, қағидат, жоспар, сыйақы, шәкіртақы, еңбек өтілі, кешенді, әмбебап, жүйелі, тыңайтқыш, жанармай, көгалдандыру, босқын, қырғи-қабақ соғыс, қоқан-лоқы, лаңкестік, есірткі, бітімгерлік күштер, мәмілегер, ғарыш, зымыран, жаһан, ғаламтор, тікұшақ, жасанды сана, пайыз, сынып» сияқты сөздер тілімізде кең қолданыс тапты. Бұл – жақсы дүние. Бірақ әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. Мысалы, «күйсандық, қылтима, субұрқақ, себезгі, қырыққабат, үнқағаз, жеделсаты, желкөз және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты.

Президент соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін жиі қолдану сән болып кеткенін айтып, мұның да қажеттілігіне күмән бар екендігіне тоқталды. Ал ана тілін үйрену – әр азаматтың ар намысы. Құрылтай қатысушыларының ішінде бір айда мемлекеттік тілді үйреніп алғандар бар болып шықты.

ВЛАДИСЛАВ ТЕН, ҚҰРЫЛТАЙҒА ҚАТЫСУШЫ:
– Қазақстанға келгеніме 16 жыл болды. Өзім Ташкент қаласының тумасымын, ұлтым кәріс. Қазақ тілін үйрету үшін үйрендім. Қазір қазақ тілі мектебім бар. Қазақ тілінен басқа тілден де сабақ беремін. Менің командамда мұғалімдер де бар.

Құрылтайда еткен еңбегінің құрметін көріп, Мемлекет басшысының қолынан марапат алғандар да бар. Солардың бірі – үш баланың анасы, қазақ тілін өз анасынан үйренген әскери қызметші Эльдана Габерман.

ЭЛЬДАНА ГАБЕРМАН, ҚҰРЫЛТАЙҒА ҚАТЫСУШЫ:
– Бұл, әрине, бойға күш-қуат береді. Президент еңбегімнің жемісін бағалайды деп ойламадым. Қазақ тілінің мәртебесін көтеріп келе жатырмын. Әрине, әскери ансамбльде қызмет етіп сарбаздардың рухын көтеріп жүрміз. Барша қазақ халқына ризашылығымды білдіремін.

«Жүрегім қазақ деп соғады», — деп мемлекеттік тілге құрметпен қарап, ана тіліміздің өсіп өркендеуіне үлес қосып жүрген бір топ азамат осы күні мемлекеттік марапатқа ие болды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: