Шымкентте кеше жауған нөсер жауын көшелерді көлге айналдырып, тұрғындарды әбігерге салды. Бірнеше шағын ауданда электр жарығы өшіп, көлік қозғалысы қиындады. Жаңбырдан кейінгі қаланың ахуалы қандай?
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Иә, кеше күні бойы жауған нөсер жауынның салдары жақсы болмады. Жаңбыр суы жолға жайылып, көлік қозғалысына кедергі келтірді. Ал жаяу жүргіншілер шалшықтарды айналып өтуге мәжбүр болды. Айналып өте алмағандар, жалаң аяқ кешіп өткенін айтып шағымданды. Нөсердің салдарынан Жайлау, Тұран-2, Қызылжар және Ақниет шағын аудандарында электр жарығы да уақытша сөнген.
Жауынның салдарын жою үшін төтенше жағдайлар департаменті қала қызметтерімен бірлесіп, бірнеше аумақта жұмысты жалғастырып жатыр. Ал кеше коммуналдық сала мамандары 214 адам мен 71 арнайы техниканы жұмылдырып, көшелерді тазалау және су сору жұмыстарын күшейтілген режимде жүргізді. Бұған қоса, 51 су сорғыш құрылғының көмегімен су қабылдау торлары, арықтар мен су бұру арналары тазартылды. Дегенмен синоптиктер бүгін де Шымкентте жаңбыр жуып, тұман түсетінін айтты. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетуі мүмкін. Құтқарушылар тұрғындарды сақ болуға шақырып, жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, арақашықтық сақтауды ескертеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: