Абай облысында алтынды заңсыз өндірумен айналысқан топтың әрекеті әшкереленді. Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық департаменті прокуратураның үйлестіруімен Жарма ауданында заңсыз кен өндіру фактісін анықтаған. Күдіктілер Жаңғызтөбе кентінен 10 шақырым жерде рұқсатсыз алтын қазған. Тексеру кезінде тереңдігі 15 метр болатын карьер анықталды. Қазылған тау жыныстарының көлемі 12 мың текше метрден асады. Ал бүлінген жердің аумағы 4 мың шаршы метрден көп. Осы іске қатысы бар тоғыз адам анықталды.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Заңсыз кен өндірілген жерден кенді шаюға және ұсақтауға арналған жабдықтар, құрамында алтыны бар жеті қап материал, екі металл іздегіш құрал, екі тиегіш және бір экскаватор тәркіленді. Тергеу жалғасып жатыр, өзге мәліметтер Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
