«Яндексте» болған ақаудан кейін аталған корпорацияға қарасты бес компания жоспардан тыс тексеріледі. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Қазақстандағы «Яндекстің» дербес деректерді қорғау саласындағы заңнама талаптарының сақталуын, оның ішінде деректерді сақтауды оқшаулау және оларды қорғау бойынша қабылданатын ұйымдастырушылық-техникалық шараларды жан-жақты әрі кешенді зерделеу жоспарланғанын мәлімдеді. 11 қазанда Қазақстанда таксиге тапсырыс беру және курьер қызметіне арналған Yandex Go сервистері жұмыс істемей қалған еді. Компания мұны шетелдегі инфрақұрылымның істен шығуымен түсіндірген болатын.
АИДА КӘРІБАЕВА, АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК АУДИТОРЫ:
— Бізде дербес деректерді қорғау, өңдеу және сақтау туралы арнайы Заңнама бар. Сол заңнамаға сәйкес, егер шифрландыру жүйесін қолданбаса, деректерді Қазақстан аумағынан тыс жерде өңдесе, азаматтардың келісімінсіз пайдаланып, шетелге тасымалдаса, Заңнаманы бұзған болып саналады. Сондай-ақ технология тұрғысынан арнайы қорғау шаралары ұйымдастырылмаса, яғни ақпараттық жүйе осал болса және оған кез келген хакер кіріп, ақпаратты ұрлай алса, заңбұзушылықтар пайда болады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
