Ғылымға бөлінген миллиардтар игерілгенімен, күткен нәтиже жоқ. Жоғары аудиторлық палатасы Құрылтайда ғылымға бөлінген қаржының тексеру нәтижесін жариялады. Мемлекеттік аудит 51 миллиард теңгенің қаржылық кемшілігін анықтаған. Тағы 47 миллиард теңге тиімсіз жоспарланып, пайдаланылғаны белгілі болды. Аудитор тағы не айтты?
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Жоғары аудиорлық палатаның есебі бойынша, соңғы үш жылда ғылымды қаржыландыру екі еседен астам өсіп, 122 миллиардтан 262 миллиард теңгеге жеткен. Алайда нәтижесі көңіл көншітпейді.
Басты мәселе – ғылымның экономикаға қосып отырған үлесі тым төмен. Жалпы ішкі өнімдегі үлесі небәрі – 0,16 пайыз. Ал межеленген көрсеткіш – 1 пайыз. Оның үстіне, ғылымға құйылатын ақшаның басым бөлігі мемлекет есебінен. Мемлекеттік қаржыландырудың үлесі 55 пайыздан 82 пайызға дейін өскен. Демек, бизнес ғылыми жаңалықтарға әлі де құлықсыз. Ғалымдар зерттеу жүргізеді, ал оны өндіріске енгізіп, қаржы салатын кәсіпкерлер аз. Ғылыми жобаларды іріктеу де сын көтермейді. Конкурстар кеш жарияланып, сараптамалар созылып кеткен. Тіпті кейбір жобаларға бөлінетін қаржыны қысқарту туралы мамандардың ұсыныстары да ескерусіз қалған. Аудиторлар қаржының жұмсалуынан да бірқатар заңбұзушылық анықтады. Тексеру нәтижесінде 51 миллиард теңгеге қаржылық бұзушылық тіркелген. Ал тағы 47 миллиард теңге тиімсіз жоспарланып, пайдаланылған.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— 36 факті бойынша материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органдарға жолданды. Тағы 3 факті бойынша аудит материалдарын құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылданды.

ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— 51 млрд теңгенің 37 млрды бюджетке қайтарылған. «Қалғаны келесі жылдың басында қайтуы керек», — деді аудиторлар. Қаржыны қалай болса солай жұмсаған 4 тұлға қызметінен босатылған. Екеуі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: