Кешелі бері Алматыда толассыз жауын жауып, шаһардың кей бөлігіне су жайылды. Әлеуметтік желіде алматылықтар көшелер мен аулаларды су басқан видеоларды жариялап, арықтардың бітелгеніне шағымданды. Жаңбыр суы тіпті жерасты өткелдерін де басқан. Соның бірі – «Алатау» метро станциясының маңындағы өткел. Мұнда баспалдақпен төмен түсетін жерге су жиналған. Метро қызметкерлері суды сорғызып, аумақты тазартты. Судың жиналуына қалалық су бұру жүйесінің шамадан тыс толып кетуі себеп болған. Дегенмен, метро жолаушылар үшін әдеттегі режимде жұмыс істеді. Коммуналдық қызмет күшейтілген режимге көшті. «Қазгидромет» мәліметінше, түнде Алматыға 23 миллиметр жауын-шашын жауған.
РАЙЫМБЕК ДОСМҰХАНОВ, КИТҮИ БАСҚАРМАСЫ КӨРІКТЕНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Арнайы қызметкерден тұратын 85 жедел әрекет ету бригадасы қазіргі уақытта кезекшілік атқарады. Оған қосымша 415 арнайы техника және 97 мотопомпа жұмыстарға жұмылдырылды. Сонымен қатар су басу қаупі мүмкін деген орындар алдын ала анықталып, сол орындарға арнайы техника және жауапты қызметкерлер бекітілген болатын. Қазіргі уақытта Алматы қаласы коммуналдық қызметтері тәулік бойы тоқтаусыз күшейтілген режимде жұмыс атқарып жатыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
