Ғылымға бөлінген миллиардтар игерілгенімен, нәтиже жоқ. Жоғары аудиторлық палатасы бүгін Құрылтайда ғылымға бөлінген қаржының тексеру қорытындысын жариялады. Мемлекеттік аудит 51 миллиард теңгенің қаржылық кемшілігін анықтаған. Тағы 47 миллиард теңге тиімсіз жоспарланып, пайдаланылғаны белгілі болды. Ғылымға бөлінген қаржының сұрауы кімнен?
Жоғары аудиторлық палатаның есебі бойынша, соңғы үш жылда ғылымды қаржыландыру екі еседен астам өсіп, 122 миллиардтан 262 миллиард теңгеге жеткен. Алайда нәтижесі көңіл көншітпейді. Ғылымның экономикаға қосып отырған үлесі тым төмен. Оның үстіне, ғылымға құйылатын ақшаның басым бөлігі мемлекет есебінен. Мемлекеттік қаржыландырудың үлесі 55 пайыздан 82 пайызға дейін өскен. Демек, бизнес ғылыми жаңалықтарға әлі де құлықсыз. Ғалымдар зерттеу жүргізеді, ал оны өндіріске енгізіп, қаржы салатын кәсіпкер аз.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Жобаларды іріктеу кезінде мүдделер қақтығысының орын алу тәуекелдері сақталып отыр. Ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і жалпы сомасы 52 млрд теңгені құрайтын 127 жоба бойынша зерттеу топтарының құрамына кірген. Ал 27 мүшесі жобалардың ғылыми жетекшісі болған.

Ғылыми жобаларды іріктеу де сын көтермейді. Конкурстар кеш жарияланып, сараптамалар созылып кеткен. Тіпті кейбір жобаларға бөлінетін қаржыны қысқарту туралы мамандардың ұсыныстары да ескерусіз қалған. Аудиторлар қаржының жұмсалуынан да бірқатар заңбұзушылық анықтады. Тексеру нәтижесінде 51 миллиард теңгеге қаржылық бұзушылық тіркелген. Ал тағы 47 миллиард теңге тиімсіз жоспарланып, пайдаланылған.

НҰРЛАН НҰРЖАНОВ, ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
— Аудит жүргізу барысында оның 37,7 млрд теңгесі қалпына келтірілді. Қалған қаржыларды біз 2027 жылдың бірінші тоқсанында қалпына келеді деп күтіп отырмыз. Аудиттің қорытындысы бойынша, 2 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 4 тұлға қызметінен босатылды. 32 тұлғаға әкімшілік жауапкершілік қаралды.

Сөйтіп, ғылымға бөлінген қаржыны жұмсауға қатысты бірнеше жауапты тұлға қызметінен айырылды. Ғылым комитетінің төрағасы, Ұлттық сараптама және ғылыми техникалық ақпарат орталығының басшысы, Ғылым қорының басшысы жұмыстан шығарылған. Тек Ғылым министрі орнында қалды. Саясат Нұрбек: «Осы аудиттің арқасында ғылымдағы қаржылық тәртіп нығайып, жауапкершілігіміз артты», — дейді.

САЯСАТ НҰРБЕК, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
— Ұлттық ғылыми кеңестердің мүшелері бұрын жобаларды қаржыландыруға шешім қабылдайтын. Бірақ жауапкершілігі нақты айқындалмаған еді. Қазір олар жобаға дауыс берсе, сол шешімі әкімшілік һәм қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін түсінеді. Енді байқап, ойланып жасайды.

Ғылыми зерттеуге бөлінген қаржының қайда жұмсалып, қандай нәтиже бергені енді қатаң қадағаланады. Жоғары аудиторлық палата саладағы бақылауды күшейту үшін ғылыми жобаларды қаржыландырудан бастап, дайын өнімнің өндіріске енгізілуіне дейінгі барлық кезеңді цифрландыруды ұсынды. Осыған байланысты Үкіметке бірқатар ұсыныс айтылып, тапсырма жүктелді. Құрылтай төрағасы, әрі «Әділет» партиясының жетекшісі бұл ретте ғылыми заңнаманы жетілдіру қажет болса, депутаттар дайын екенін білдірді.

АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, ҚҰРЫЛТАЙ ТӨРАҒАСЫ, «ӘДІЛЕТ» ПФ ЖЕТЕКШІСІ:
Ендігі кезекте Үкіметтегі әріптестеріміз Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары мен депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Депутаттар өз тарапынан Үкімет және ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп, ғылым саласындағы заңнаманы, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мәселелерін тереңдете пысықтауға дайын.
Үкімет анықталған заңбұзушылықтарды жойып, ғылыми жобалардың жүзеге асырылуын бақылауды күшейтуі тиіс. Ал үш дерек бойынша материал құқық қорғау органдарына жолданады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: