Жолың болсын, жолаушы! Астанадан Швейцариялық Stadler технологиясымен құрастырылған алғашқы жолаушылар пойызы «Нұрлы жол» вокзалынан сапарға аттанды. «Қазір Қазақстанда жаңа үлгідегі 100-ден астам вагон бар», — дейді сала мамандары. Енді олар қай бағыттарға қатынайды? Іші қаншалықты жайлы? Жолаушыларға қандай жағдай жасалған?
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Бүгін еліміздің шойын жол саласында тарихи сәт. Бірер минуттан кейін осы Stadler пойызы Алматыға алғашқы рейсіне аттанады. Айта кетейік, билет сатылымы 5 қарашада басталған. Ал бүгін жолаушылар жаңа вагондардың жайлылығын алғашқылардың бірі болып көрмек. Ендеше, уақыт созбай, біз де вагон ішіне кіріп, жолаушыларға ұсынылатын мүмкіндіктермен танысып көрейік. Мұндай вагондар швейцария технологиясына сай жабдықталған. Бүгінгі таңда жолаушылар тасымалы компаниясы Штадлер зауытында жасалған 100-ден астам вагонды қабылдап алған. Бір сөзбен айтқанда поезбен саяхаттау барынша жайлы болмақ.
НҰРСҰЛТАН ИБРАЕВ, «ҚТЖ» PR-МЕНЕДЖЕРІ:
— Төсек-орынды жолаушыларға жолсеріктердің өзі дайындап береді. Әр жолаушыға телефон қуаттауға арналған жеке тоқ көзі қарастырылған. Сондай-ақ түтін иісі шыққанда дабыл беретін жүйе орнатылған. Бұрын температура бүкіл вагон бойынша бірдей реттелетін. Ал қазір әр купедегі жолаушылар температураны өз қалауы бойынша өзгерте алады. Вагондардың іші де кең.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Өз басым пойызбен жүргенде вагон ішінде тамақтанғанды ұнатамын. Әсіресе әңгіме-дүкен құрып, шай ішіп. Не үшін айтып отыр десеңіз… жол үстінде тәбеті ашылған жолаушыларға да пойыз құрамында арнайы буфет бар. Мұнда ыстық тағамдар, сусындар мен жеңіл тіскебасарлар ұсынылады. Шынымды айтсам, осындай жайлы вагонды көрген соң, қазір-ақ Алматыға жол тартқым келіп кетті.

Мүгедектігі бар азаматтарға да жағдай жасалған. Арнайы купеде ортопедиялық төсек, қасындағы көмекші адамға арналған жоғарғы орын бар. Бұдан бөлек, арнайы кресло мен мүгедек арбасы қарастырылған.

Купе вагоны – 40, ал плацкарт вагоны 58 адамға арналған. Жаңа құрамның келесісі 13 қарашада «Нұрлы жол – Семей» бағытына шығады. Ал Астана мен Алматы арасында жаңа вагондар күн сайын қатынайды. Штадлер вагондарынан құралған пойыз елордадан сағат 13:10-да аттанып, келесі күні таңғы 08:30-да Алматыға жетеді. Жаңа пойыздардың бағыты мұнымен шектелмейді. Болашақта Астанадан Атырауға және Жезқазған арқылы Қызылордаға қатынайтын бағыттарды іске қосу жоспарда бар. Жалпы келісімшарт бойынша 2030 жылға дейін Қазақстанға 557 жаңа жолаушылар вагоны жеткізілуі тиіс.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: