Шымкентте жаңа төселген тротуар опырылып, адам түсіп кетті. Оқиға Түркістан көшесінде болған. Тұрғындардың айтуынша, жаяу жүргіншілер жолы жақында ғана жөнделген.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Қазір мұнда шұңқыр жоқ, опырылған жер қайта қалпына келтірілген. Бірақ тұрғындардың айтуынша, бұл жолдың жөнделіп, қайта төселгеніне екі апта да болмаған. Соған қарамастан, кеше тротуардың бір бөлігі аяқ астынан опырылып, өтіп бара жатқан адам ішіне түсіп кеткен.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан бойжеткеннің ғимаратқа қарай беттеп бара жатып, жер опырылып, астына түсіп кеткенін көруге болады. Оқиғаның куәгерлері бұл жағдайдан кейін жаңа тротуармен жүруге де жүрексінетінін айтып отыр. Өйткені, жолдың сапасына қатысты мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілген.
НҰРЛАН ТӘШКЕНБАЕВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бұған дейінгі тротуар 15 жыл бойы тұрды. Бірақ жақында құбыр жарылған соң, жөндеу жүргізіп, қайта өздері жол төсеп кеткен еді. Бір емес, үш рет істеді. Бәрі сапасыз болды. Міне соңғысын қазан айының соңында істеген. Кеше опырылып, адам құлады. Ол жерде қарт кісі немесе кішкентай бала болса, не болар еді?! Таңертең келіп жұмысшылар қайта жамап кетті, бірақ жаңбыр суы кететін арықты да бітеп тастаған, енді жауын жауса, су ғимараттың астына кетеді. Бұл қалай, сонда жолды сапалы төсейтін мамандардың жоқ болғаны ма?!
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Белгілі болғандай, бұл тротуарды «Қуатжылуорталық» мемлекеттік коммуналдық мекемесі жөндеген. Тұрғындардың сөзінше, осыдан екі апта бұрын ғана құбыр жөнделіп, үстіне қайтадан төсем төселген. Мекеме өкілдері жазбаша жауап берді. Айтуларынша, нөсер жауын салдарынан тротуар плиталары түсіп кеткен. Қазір аумақ толық қалпына келтірілген. Алайда тұрғындар мұнымен келіспейді. Олар жолдың тек бетін жамай салмай, сапалы әрі талапқа сай жөнделуін сұрап отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

