Астананың сол жағалауы бүгін бір дүрлікті. Алдымен аспаннан доллар жауды. Артынша ұлттық әл-ауқат қоры мен темір жол компаниясының басшылары ұсталды деген хабар тарады. Ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады. Бірнеше чемодан ақшаның ұсталғандарға қатысы бар-жоғын тергеу анықтап жатыр.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Астананың қақ ортасындағы тұрғын үй кешенінің ауласы бүгін ақшаға көмілді. Көкқағазға толы бірнеше чемоданды жоғарғы қабаттан лақтырған. «Доллар жерде кілемдей төселіп жатты», — дейді көргендер.
Куәгерлер ауладағы ашық-шашық жатқан ақшаны әуелі үйдің күзетшісі көріп, полиция шақырған деседі. Ол кезде оқиға орнында арнайы қызмет жұмыс істеп жатқан.
Түске таман толған доллардан бір цент те қалған жоқ. Бұл тұрғын үй кешені элиталы саналады. Жақын маңда зәулім қонақ үй, Қазмедиа мен Қазақстан Темір жолы компаниясының бас кеңсесі орналасқан. Қазір шашылған ақша кімдікі екені анықталып жатыр.

ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Көп ұзамай Ұлттық қауіпсіздік комитетінен хабар келді. Бүгін «Самұрақ-Қазына» қоры мен ҚТЖ компаниясы басшылары ұсталған. Аспаннан жауған ақшаның бұларға қатысы бар ма? Тергеу осыны анықтап жатыр

ЦИТАТА ҚР ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІ:
«2026 жылғы 11 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті және сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен басқа да адамды ұстады. Істің барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр».

Содан кейін Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевтің ұсталған сәтіндегі фото-видеосы шықты. 48 жастағы Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» қорын үш жылдан артық уақыт басқарып келген. Ал 39 жастағы Елжас Отыншиев «Қазақстан темір жолына» 4 ай бұрын ғана басшы болып келген. Бұл қызметке дәл сол Жақыпов басқарған «Самұрық-Қазынадан» ауысқан.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: