Павлодарда жасөспірім терроризм туралы жалған хабар беріп, полицияны әбігерге салды. Сабаққа кешігіп келген оқушы спорт залынан қараусыз жатқан телефонды алып, жедел қызмет нөміріне қоңырау шалған. Ол мектепте террорлық шабуыл дайындалып жатқанын айтқан. Алайда тексеру барысында ақпараттың жалған екені анықталды. Телефонның иесі жасөспірімнің сыныптасы болып шыққан. Ал қоңырау шалған оқушы мұндай әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін білмегенін айтып отыр. Елімізде терроризм туралы жалған хабар таратқандар бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұған қоса, жедел қызметтердің жұмысына жұмсалған шығынды өтеуге міндеттеледі. Ал кәмелетке толмаған жағдайда бұл қаражатты ата-анасынан өндіру мәселесі қаралады.
ЦИТАТА БАЛҒАБАЙ ҚАПАРОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ:
«Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама беру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмаған жасөспірім заңды өкілдерінің бақылауына тапсырылды».
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

