Шымкентте енді тұрғындар жай жүргіншілер жолымен жүруге де қорқады. Түркістан көшесінде жақында ғана төселген тротуар аяқ астынан опырылып, өтіп бара жатқан бойжеткен ішіне түсіп кеткен. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалды.
Тұрғындардың айтуынша, бұл аумаққа екі апта бұрын ғана жылу құбыры жөнделіп, жол қайта төселген. Алайда сапасы сын көтермей, алғашқы жауыннан кейін-ақ плиталары сөгілді. Қазір опырылған жер қайта қалпына келтірілгенімен, жұрт мұнымен мәселе шешілді деп есептемейді. Олар тротуардың тек бетін жамай салмай, сапалы жөнделуін талап етіп отыр. Ал зардап шеккен бойжеткен: «Айналадағы жүргіншілер құтқарып қалмағанда, жағдайдың соңы қайғылы аяқталуы мүмкін еді», — деп қорқынышпен есіне алады. Бойжеткен әлі үрейленіп жүр. Өзі айтсын.
АРУЖАН CЕЙДІЛЛӘ – ЖӘБӘРЛЕНУШІ:
— Беті жабық тұрған. Содан көзімді ашсам, ішіне түсіп бара жатырмын. Адамдар жүгіріп келді, қолымнан ұстап шығарып алды. Ал егер ол адамдар болмаса, ары қарай кіріп кетер ма едім, оның үстіне жаңбырлы күн болды. Аяғым кішкене көгеріп қалған, үстімнің бәрі лас болды. Менің орнымда кішкентай бала немесе қарт кісі болғанда, біреуге бірнәрсе болса, кім жауап береді?! Бірнеше рет жөндеп кетті, неге бірден дұрыстап істеуге болмайды?!
«ҚУАТЖЫЛУОРТАЛЫҚ-3» МКК БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
«Нөсер жауын-шашын салдарынан жылу құбыры өтетін аумақтағы тротуар плиталары түсіп қалған. Аталған учаскедегі жылу құбырының тозығы жеткен. Зақымданған жердің жалпы аумағы 2 шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта бүлінген бөлікке жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аумақ толық қалпына келтірілді».
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

