Мектеп асханасындағы тағамның сапасы мен балалардың қауіпсіздігіне кім жауап береді? «Қазақстанда оқушыларды тамақтандыру жүйесін түбегейлі өзгертетін уақыт жетті», — дейді сарапшылар. Бұрынғы Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова мектеп асханаларын қайтадан білім беру ұйымдарының қарамағына беруді ұсынып отыр. Оның пікірінше, қазіргі жүйеде балалардың қауіпсіз тамағынан гөрі кәсіпкерлердің табысы алдыңғы орынға шығады. Бұған Алматыда соңғы жылдары болған үш бірдей жаппай улану оқиғасы да себеп. Ендеше, оқушыларға асханада не ұсынылады, тағамның сапасы мен қауіпсіздігіне кім жауап береді?
Ет пен күріш, компот және нан. Алматыдағы №95 мектеп-лицей оқушыларының бүгінгі түскі асы – осы. Алайда асхана мәзірі бұған дейін әлдеқайда өзгеше болған. Ас мәзіріне балық, тауық еті, тіпті ролл да қосылыпты. Бірақ оқушының дені бұл тағамды ұнатпағандықтан, бас тартуға тура келген. Ал Алматы мектептерінің асханаларында сүт өнімдеріне қатысты мәселе бар. Асхана өкілдерінің айтуынша, талапқа сай өнім жеткізетін өндірушіні табу оңай емес.
ГҮЛНАРА МАМАЕВА, МЕКТЕПТЕГІ ТАМАҚТАНДЫРУ ҰЙЫМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, КӘСІПКЕР:
— Қазір бізде талапқа сай өнім шығаратын өндіруші жоқ. Мысалы, өнімнің 100 грамында майлылығы 3 пайыз, қант мөлшері 5 пайыз болуы керек деген секілді нақты норматив бар. Негізі, қазір мәзір толықтай қайта қаралып жатыр. Ата-аналар да бұл іске араласады. Біздің сайт бар, онда ас мәзірін жариялаймыз. Ата-аналар өз пікірін қалдыра алады. Сол ұсыныстарға қарай мәзірге өзгеріс енгізіледі.
Түсірілім үшін осы мектептің асханасын мысал ретінде таңдадық. Тазалық сақталған, тәртіп бар, қызметкерлердің біліктілігі де көңілден шықты. Тіпті санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға байланысты асүйдегі жұмыс барысын жақыннан түсіруге рұқсат бермеді. Алайда барлық мектеп асханасы осындай деңгейде деп айту қиын. Бұған республикалық физика-математика мектебіндегі соңғы оқиға дәлел. Асхана қызметкерлерінен стафилококк анықталып, 58 бала тамақтан уланып, ауруханаға түсті. Бұрынғы мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың пікірінше, бұл – жекелеген жағдай емес, жүйелі мәселе.
ИРИНА СМИРНОВА ЭКС-ДЕПУТАТ:
— Әр жалға алушы – кәсіпкер. Ал кәсіпкер, ең алдымен, пайданы ойлайды. Егер асхана мектептің өз қарамағында болса, онда пайда табу мәселесі күн тәртібінде тұрмас еді. Мемлекет бөлген қаржының барлығы тікелей оқушыларды тамақтандыруға жұмсалар еді. Ас әзірлейтін, осы жұмысты ұйымдастыратын қызметкерлер мектеп штатында болып, жалақысын сол қаражаттан алар еді. Сондықтан бұл мәселеге жаңаша қарап, ас блогын қайтадан мектептің қарамағына беру мүмкіндігін қарастыру қажет. Сонда осындай жағдайлардың алдын алуға болады.
Тағы бір маңызды мәселе бар. Ол – асхана қызметкерлерінің денсаулығын бақылау. Қазір елде аспаз мен асүйдің өзге де қызметкерлері тұрақты медициналық тексеруден өтіп, тиісті анықтамаларын электронды медициналық кітапшаға енгізуге міндетті. Мамандардың айтуынша, ондағы мәліметтерді қолдан жасау мүмкін емес.
ӘСЕЛ ҚАЛЫҚОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ СЭБД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қазір Қазақстанның барлық өңірінде жеке медициналық кітапшалардың ақпараттық жүйесі енгізілген. Әр азамат медициналық тексерістен өткен нәтижесін eGov Mobile қосымшасындағы «Денсаулық» бөлімінен көре алады. Онда тексерудің барлық нәтижесі көрсетіледі. Ал қызметкерді жұмысқа қабылдайтын немесе жұмысқа жіберетін жұмыс беруші оның медициналық тексерістен өтуін қадағалауға тікелей жауапты. Яғни бұл – жұмыс берушінің жеке жауапкершілігі.
Алайда талаптың қатаң болғанына қарамастан, мектеп асханаларында стафилококк жұқтырған қызметкерлердің жұмыс істегені анықталды. Мұны республикалық физика-математика мектебіндегі жаппай уланудан кейін Алматының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жүргізген тексеріс растады. Енді олқылықтың қай кезеңде кеткенін тергеушілер анықтауы тиіс. Бірақ елу сегіз баланың бір мектепте жаппай улануы – тиісті органдар ескерусіз қалдырмауы керек жағдай. Мұндайда мектеп директорын ауыстыру мәселені шешпейді.
Айта кетейік, биыл Алматы оқушыларының тамақтануына 16 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ал осы қаражаттың мақсатты жұмсалуын, балаларға берілетін астың сапасын тек мектеп әкімшілігі мен санитарлық мамандар ғана емес, ата-аналар да бақылауы қажет.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

