Сағызша созылған жоба. Солтүстік Қазақстан облысында шекара заставаларының құрылысы тоқтап тұр. 2022 жылы аймақта 12 әскери қалашық тұрғызу үшін жұмыс басталған болатын. Жоспар бойынша шаруа 12 айда аяқталуға тиіс еді. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық нысандарды салуға қазынадан 34 миллиард теңге бағытталды. Алайда бүгінге дейін олардың біреуі де дайын емес. Неге?
Бұл – 200-ден астам түтіні бар Афонькино ауылы. Аталған елді мекен Ресейдің Қорған облысымен шектеседі. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұнда шекара заставасының құрылысы басталған. 2 гектардан астам аумақта әскери қалашық бой көтеруі тиіс еді. Бірақ жұмыс созбалаңға салынды.
ГАЛИНА СИЗЫХ, АФОНЬКИНО АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Құрылыс осыдан 3-4 жыл бұрын басталған. Жалақы уақытылы төленбегендіктен, бригадалар бірінен соң бірі ауысты. Алғашында Өзбекстан елінен келген азаматтар еңбектенді. Ал қазір шымкенттік үш жігіт жүр. Шаруаның былай тоқтауына қаржы қолбайлау.
Солтүстік Қазақстан – елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан өңір. «Қауіпсіз ел» Ұлттық жобасы аясында Ресеймен шекаралас ауылдарда осындай 12 әскери нысанды салуға республикалық бюджеттен 34 миллиард теңге бағытталған еді. Алайда бүгінге дейін олардың біреуі де пайдалануға берілмеді.
ПАВЕЛ САМБУРСКИЙ, АФОНЬКИНО АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Жылу қазандығын орнату керек. Асхана мен кір жуатын орынды реттеу қажет. Ішкі әрлеу жұмысы тоқтап тұр. Мамандар тек сыртқы құрылысын ғана аяқтады. Айтуларынша, әлі күнге нысанға су жүйесі толық тартылмаған.
Әскери қызметшілер тұратын үй, асхана, монша, ат-қора, қару-жарақ қоймасы бар қалашық бір типті. Алғашында әрқайсысының құны 2,5 миллиард теңге болған. Мердігердің айтуынша, қазір жобаға түзетулер енгізіліп жатыр. Салдарынан стратегиялық нысанды бір жылда тапсыру мүмкін болмады.
МӘДИ БЕКМАҒАМБЕТОВ, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:
— «Тапсырыс беруші мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі өкілдері нысанды аралап, тексерді. Сол кезде шекарашылардың бірқатар ұсынысы болды. Осыған байланысты жобаға өзгеріс пен түзету енгізілді. Әрі 2024 жылы болған алапат тасқын бізге кедергі келтірді. Құрылыс басталған кезде жер асты суының деңгейі қалыпты межеден төмен болған. Артынша күрт көтеріліп, әлі күнге дейін төмендемеді. Бұл да жұмыстың созылуына себеп болып отыр».
КСМ: Қазір аталған жобаға тапсырыс беруші болып– автомобиль жолдары комитеті белгіленді. Бұл мәселе бойынша тиісті органға сұрау салдық. Бірақ нақты жауап болмады. Сондықтан шекара шебінде қызмет етіп жүрген шекарашылар қашанға дейін баспана жалдап тұратыны әзір белгісіз.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

