Қостанайлық оқушылар мектеп ауласына алма ағашын екті. Көздің жауын алатын мұндай жасыл желектер өңірдің өзге де білім беру мекемесінде пайда болып жатыр. Мұнда аталған жеміс түрінен бөлек, алмұрт, шие мен өрік те өсіріледі. Бұл бау-бақшалар болашақта ашық аспан астындағы зертханаға айналмақ. Оқушылар өсімдіктер әлемін оқулықтан ғана емес, тәжірибе жүзінде де тануға мүмкіндік алады. Оларға «Наурызым» қорығының мамандары да көмектеспек.
Алдағы 5 жылда Қостанай облысында 400-ге жуық осындай бау-бақша ашу көзделген. Биыл 2 жарым мың көшет отырғызылыпты. Мамандар бұл бастама оқушыларды еңбекке баулып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлкен серпін беретінін айтады. «Менің аулам – менің бағым» жобасымен қазірдің өзінде 100-ден астам мектеп, колледж және жоғары оқу орны қамтылған.
БАҚЫТЖАН НАРЫМБЕТОВ – ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Биыл күзде бір мыңнан астам көшет отырғызуды жоспарлаған едік. Алайда жоспардан да асып түстік. Екі жарым мың көшет отырғызылды. Бірнеше жылдан кейін балалар өз еңбегінің жемісін көреді.
ЖАНСАЯ ӘБДІРАХМАНОВА, ОҚУШЫ:
— Біз үшін бұл ағаштарды күтіп-баптаймыз, суарамыз, қорғаймыз. Бір күні осы кішкентай көшеттер үлкен баққа айналады. Мектебіміздің одан әрі көркейіп, жасыл желекке бөленгенін қалаймыз. Өйткені таза әрі жасыл Қазақстан әрқайсымыздан басталады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

