Алдағы үш тәулікте еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Синоптиктер жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болатынын болжап отыр.
Бұған дейін Астана – Щучье, Астана – Павлодар және Көкшетау – Атбасар бағытындағы тасжолға көлік жіберілмеген еді. Оған себеп – дөңгелегін маусымға сай ауыстыруға асықпаған жүргізушілердің өзі. Ауа райының қолайсыздығына байланысты полицейлер республикалық маңызы бар жолдағы жазғы дөңгелекпен жүрген 800-ге жуық көлікті кері қайтарды. Қазір мұндай тексеріс Ұлытау облысында да жүріп жатыр. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде ауа райы күрт бұзылып, көктайғақ пайда болған. Осыған байланысты патрульдік полиция инспекторлары күшейтілген режимде қызметке кірісті.
МӘДИ ТАСЫБАЕВ, ПД ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ РОТАСЫНЫҢ ВЗВОД КОМАНДИРІ:
— Ауа райының күрт өзгеріп, жолда көктайғақтың пайда болуына байланысты Жезқазған – Қарағанды автожолының бойында патрульдік полиция ротасының инспекторлары профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Полицейлер көліктің қысқы дөңгелектерге ауыстырылуын тексеріп, жүргізушілерге жол қауіпсіздігі талаптарын түсіндірді. Жүргізушілерді жылдамдық режимін, қауіпсіз арақашықтықты сақтауға және жолда барынша мұқият болуға шақырамыз.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

