Шымкентте ТМД елдерінің төтенше жағдайлар ведомстволарының басшылары бас қосты. Халықаралық саммитте қазақстандық құтқарушылардың заманауи техникасы мен арнайы жабдықтары таныстырылды.
ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ТІЛШІ:
— Шымкенттегі «Қызғалдақ» сарайында Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекетаралық кеңестің отырысы өтіп жатыр. Жиынға ТМД-ға мүше сегіз елдің өкілдері қатысуда. Ал халықаралық кездесудің алғашқы кезеңінде қазақстандық құтқарушылардың арнайы техникасы мен жабдықтары таныстырылды.

Көрмеге заманауи құтқару көліктері, арнайы құрал-жабдықтар, қорғаныс киімдері және отандық өндіріс өнімдері қойылған. Олардың барлығы төтенше жағдайларды жою, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу және адам өмірін сақтап қалу кезінде қолданылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, отандық өнімдер халықаралық талаптарға сай, техникалық сипаттамалары жағынан шетелдік баламалардан кем түспейді.

ӘЗИЗ САИПОВ, АВАРИЯЛЫҚ-ҚҰТҚАРУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
— Саммитке орай 8 елдің ТЖМ басшысы келді. Осыған орай Қазақстанда ТЖМ теңгерімінде тұрған өрт сөндіру және құтқару техникаларының байқауы өткізілді. Қазір көріп тұрған техникалардың көбі – Қазақстанда шығарылған жаңа заманауи техникалар. ҚР өрт сөндіру техникаларын жинайтын үш зауыт бар. Осы үш зауыттың техникалары, атап айтқанда, 2025 жылы жалпы саны 43 техника Камаз Инженерингтен лизингпен алынған болатын. Қазір бұл техникалардың барлығы жауынгерлік есепте тұр.

ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ – ТІЛШІ:
— Көрмеге құтқарушылардың түрлі бағытта қолданатын арнайы техникасы қойылған. Мұнда жедел медициналық көмек көрсетуге арналған реанимобиль, өрт сөндіру автокөліктері, автоцистерналар мен автосатылар бар. Сондай-ақ газ-түтіннен қорғау машиналары, кибертрак, апаттар медицинасы орталығының және радиациялық қауіп-қатерге қарсы жабдықталған арнайы көліктері таныстырылуда.
Ал дәл қазір ғимарат ішінде ТМД елдерінің төтенше жағдайлар ведомстволарының басшылары бас қосып, мемлекетаралық кеңес отырысын өткізіп жатыр. Жиында төтенше жағдайлардың алдын алу, олардың салдарын жою және құтқару қызметтерінің өзара іс-қимылын күшейту мәселелері талқылануда. Сегіз елдің өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, бірлескен жұмыстың бағыттарын қарастырып жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: