Мемлекеттік компаниялар жемқорлықтың ұясына айналған ба? «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолының» басшылары не үшін ұсталды? Бұл сұрақтарға тергеу жауап беруі тиіс. Ал Президенттің бүгінгі мәлімдемесі қатал болды. Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компаниялардағы жемқорлықты жүйелі мәселе деп атап, кінәлілердің ешқайсысы жауапкершіліктен құтылмайтынын ескертті. Тіпті «өзіміздікі» деген түсінікке де орын жоқ.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында Президент не айтқанын Ақорданың телеграм-арнасы жариялады. «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталуын Президент мемлекеттік компаниялардағы жемқорлықтың ауқымын көрсететін аса күрделі жағдай деп бағалаған. Тергеу енді басталғандықтан, әзірге істің егжей-тегжейін жариялауға болмайды. Бірақ Тоқаев мұны «Заң мен тәртіп» қағидаты жарияланғалы бері мемлекеттік компаниялар жүйесіндегі алғашқы ірі жемқорлық ісі деп атады. Мемлекет басшысының сөзінше, лауазымына, сіңірген еңбегіне, тіпті туыстық байланысына қарамастан, заң алдында бәрі бірдей жауап беруі керек.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— «Өзіміздікі» және «Өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды. Біз бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек.
Жемқорлықтың жайылып кеткенін статистика да көрсетеді. Соңғы үш жылда үш мыңнан астам заңбұзушылық анықталған. Ал биылғы он айдың өзінде 751 дерек тіркеліпті. Оның басым бөлігі мемлекеттік қызметшілерге қатысты. Қалған 205 деректің ішінде квазимемлекеттік сектор өкілдері де бар. Президент бұл сандарды жасыруға болмайтынын, керісінше жемқорлықпен күрестің нәтижесін халыққа ашық көрсету қажеттігін айтты. Тергеу жұмыстарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тиісті қызметі Бас прокуратурамен бірлесіп жүргізеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Статистикадан көріп отырғанымыздай, еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз. Біз осы саладағы мәселенің бәрін ашық айтамыз, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отырамыз.
«Самұрық-Қазына» – жай ғана ұлттық компания емес. Қор елдің стратегиялық активтерін басқарады, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырады. Шетелдік алпауыттармен, халықаралық қаржы институттарымен келіссөз жүргізеді. Сондықтан мұндағы жемқорлық елдің халықаралық беделіне де, инвесторлардың сеніміне де соққы болуы мүмкін. Дегенмен басшылардың ұсталуына байланысты компаниялардың жұмысы тоқтамайды.
Президент барлық мекеме қалыпты режимде жұмыс істей беретінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы заңсыз иемденілген активтерді қайтару жұмысына да тоқталды. Бас прокуратура осы уақытқа дейін қазынаға 1 триллион 300 миллиард теңгеден астам қаржы қайтарған. Бұл ақшаға әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салынуы тиіс. Алайда Президент олардың сапасына күмән келтірді. Әсіресе жолдардың талапқа сай салынбайтынын айтып, құрылысқа бөлінген қаражаттың жұмсалуын қатаң бақылауды тапсырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Сыбайлас жемқорлыққа батқан ниеті теріс кісілер – біздің қас жауымыз. Олар қазірдің өзінде «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға кедергі келтіріп, зиян тигізуді ойлап жүр. Біз бұған, әлбетте, ешқашан жол бермейміз.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Енді мемлекеттік қаржыға салынатын нысандардың сапасын арнайы комиссия тексереді. Оның құрамы келесі аптаның басында жарияланбақ. Бақылауға жол, әуежай, емхана, мектеп, спорт кешендері мен оңалту орталықтары кіреді. Ал Үкімет пен бақылаушы органдар 24 қарашаға дейін квазимемлекеттік сектордағы жемқорлықты азайту жөнінде нақты ұсыныс енгізуі керек. Президенттің талабы – мемлекеттік компаниялардың жұмыс сапасын түбегейлі жақсарту.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

