Ақтөбеде көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада жарылыс болды. Салдарынан ғимаратқа жапсарлас салынған нысан опырылып, артынша өрт шыққан. Тұрғын үйдің терезелері де зақымданды. Оқиғадан екі адам зардап шекті. Жарылысқа не себеп болды? Зардап шеккендердің жағдайы қалай? Үй тұрғындарына қандай көмек көрсетіліп жатыр?
Бес қабатты үйдің бірінші қабатындағы дәмханада газ-ауа қоспасы жарылды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға таңғы сағат он жарым шамасында болған. Екі адам зардап шегіп, жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілді Куәгерлердің айтуынша, сол сәтте дәмхананың ішінде бір жас жігіт болған.
Зардап шеккендердің бірі – 19 жастағы дәмхана қызметкері, екіншісі – 36 жастағы әйел. Екеуі де ауруханаға жеткізіліп, қажет медициналық көмек алған. Әйел ауруханаға жатудан бас тартыпты. Ал жігіттің 30 пайызы денесін күйік шалған. Жансақтау бөлімінде жатыр.
ҚАДЫРБЕК ИМАНБАЕВ, №1 ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
— №1 қалалық көпсалалы орталығына екі пациент жеткізілді. Екеуінің де жағдайы тұрақты, өмірлеріне қауіп жоқ, барлық керекті тексеру, ем-шара жүргізіліп жатыр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті дәмхананың ішінде газ-ауа қоспасы жиналып қалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қазір осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу бабы бойынша тергеу жүріп жатыр.
АЙБАТ ЖАҢАБЕРГЕНОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
— Оқиға орнына Ақтөбе облысы ТЖД құралдары жедел жетті. Өрт сағат 10:53 минутта толық сөндірілді. Төтенше жағдайды жоюға департаменттің жеке құрамынан 45 адам жұмылдырылып, 10 техника қатысты. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда.
Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыс толқынынан тұрғын үйдегі сегіз пәтердің терезесі зақымданып, кіреберістегі әйнектер сынған. Бұған қоса, дәмхана маңында тұрған бір көліктің және сол сәтте жол үстімен өтіп бара жатқан тағы екі автокөліктің терезесі шағылған. Қазір үй тұрғындарын пәтерлеріне кіргізбей отыр. Себебі мамандар ғимараттың техникалық жағдайын тексеру қажет. Қажет болған жағдайда әкімдік тұрғындарға уақытша баспана беруге дайын. Ал үй тұрғындарының айтуынша, бұл ғимаратта бұған дейін де бірнеше рет өрт болыпты.
ЖАЗИРА ОМАРОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Негізі, бәріміз бұл жерде қоғамдық тамақтану орнының ашылуына қарсы болғанбыз. Бірақ олар бәрі дұрыс болатынын айтты. Бұл үйде мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ. Бұған дейін де өрт шыққан. Сол кезде енді қайталанбайды деп уәде берген еді.
Қазір жарылыстың нақты себебі мен мән-жайы анықталып жатыр. Сондай-ақ тұрғын үйлерге келген шығын есептеліп, оқиғаға кінәлі тұлғалар анықталады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

