Семейде жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан он жасар баланы көлік қағып кетті. Дене жарақатын алған Илья бес күн ауруханада жатып, үйіне шықты. Алайда дәрігерлер оның толық сауығуы үшін әлі де ем қабылдап, бақылауда болуы керектігін айтқан. Ал оқиға болған көшенің тұрғындары өткелге бағдаршам әрі орнатылмайынша, бұндай жағдай тағы да қайталануы мүмкін екенін айтып, биліктен шұғыл шара қабылдауды талап етіп отыр.
Бейнебақылау камерасына түскен кадрдан он жасар Ильяның кешкі сағат бес шамасында үйіне қарай бет алғанын көруге болады. Қолшатыр ұстаған бала жаяу жүргіншілер өткелінен өте бергенде, оны көлік қағып, жол жиегіндегі шалшыққа қарай ұшырып жіберген. Қатты соққыдан Ильияның бас миы зақымданып, сол аяғы сынған.

ИЛЬЯС ХИСАМУТДИНОВ, ИЛЬЯНЫҢ ӘКЕСІ:
— Баланың табаны мыжылып, бас миы зақымданған. Дәрігерлер мұны мидың шайқалуы емес, ми тінінің соғылуы болуы мүмкін деп түсіндірді. Қазір баланың есте сақтау қабілетінде қиындық бар. Мысалы, ауруханада әжесі келіп кеткеннен кейін екі сағаттан соң мен барсам, одан кім келгенін сұраймын. Ол: «Ешкім келмеді», — дейді. Тіпті өзіне әкелген жеміс-жидекті кім бергенін де есіне түсіре алмады.
Көліктің қай тұстан келіп қаққаны да Ильяның есінде жоқ. Тек жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілгені еміс-еміс біледі. Әкесінің айтуынша, баланың толық сауығуына әлі уақыт керек. Ал тұрғындар бұл өткелде жол апаты жиі болатынын айтады. Олардың сөзінше, көшеде жарық жеткіліксіз, көліктер жоғары жылдамдықпен жүреді. Сондықтан жаяу жүргіншілер өткеліне бағдаршам немесе жасанды жол кедергісін орнатуды сұрайды.

НАТАЛИЯ СИВАЛЬНЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Тұрғындардың өтінішімен мұнда тіпті бейнебақылау камераларын орнаттық. Біріншіден, көшенің жарығы нашар. Екіншіден, көліктер қатты жылдамдықпен жүреді, тоқтамайды. Сондықтан осы жерге бағдаршам немесе жасанды жол кедергісін орнатуды сұраймыз. Жүргізушілер жылдамдықты төмендетуі керек. Камерадан олардың баяулатуға тырысатынын көреміз. Бірақ көріну нашар, жол белгілері де жоқ. Соның салдарынан көліктер өткелден жоғары жылдамдықпен өтіп, жол апаттары болып жатыр.
Тұрғындар әкімдіктен бағдаршам немесе жасанды жол кедергісін орнатуды, сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелін толық жарықтандыруды талап етеді. Олардың айтуынша, мұндағы екі шамның бірі мүлде жанбайды, Тіпті бар жарықтың өзі өткелді толық қамтымайды. Әсіресе, жауын-шашынды күндері жүргізушілер жолдан өтіп бара жатқан адамдарды байқамай қалуы мүмкін дейді. Ал әкімдік өкілдері Қайым Мұхамедханов көшесіндегі жарықтандыру жүйесі жақында жаңартылғанын айтады.

АМАН ХАМИТОВ, СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ТҮКШ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Қайым Мұхамедханов көшесінде қазіргі таңда жарықтандыру 100 пайызды құрайды. Жақында ондағы шамдар ауыстырылған. Тұрғындар айтып отырған жарықтың әлсіз түсу мәселесі қосымша қаралады. Егер жарық жеткіліксіз екені анықталса, басқа үлгідегі шамдарды орнату да қарастырылады. Себебі бұл көшедегі шамдар қаланың басқа көшелерінде де қолданылып отыр. Семейде 700-ге жуық көше әлі жарықтандырылмаған. Оларды жарықтандыру жыл сайын бөлінетін қаржыға байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Семейде барлығы 1179 көше бар. Соның 500-і ғана жарықтандырылған. Қалған 700-ге жуық көшеде жарық жоқ. Әсіресе күн ерте бататын қысқы уақытта мектептен қайтатын балалар үшін қиын. Ал көлік соққан Ильяны әкесі әрі қарай оңалту үшін Астанаға апармақ. Басты үміті – баласының жас ағзасын тез қалпына келуі.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: