Петропавлда әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға салынған көпқабатты үйдің сапасы сыр берді. Тұрғындардың айтуынша жауында шатырдан су сорғалайды. Терезелері де шағыла бастапты. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандус сол күйі іске қосылмады.
Келбеті келіскен, еңсесі биік мына 126 пәтерлі үйге тұрғындар жыл басында қоныстана бастаған. Дені әлеуметтік осал таптағы отбасылар. Халық су жаңа баспанаға қол жеткізгенімен өркениет игілігінен қағылып отырмыз деп ашынады. Сондықтан шыдамы таусылған бұқара БАҚ өкілдерін шықырып, базынасын айтты.
ҒАЛИЯ РАХИМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Баратын жер болмағандықтан келдік. Өзім ауырып та қалдым. Балконнан, ас бөлмеден жел қатты соғады. Жарық жоқ, қараңғы жерде жүрміз.
Айпері Құбанышбекқызы – екінші топтағы мүгедек. 14 жыл кезекте тұрып, алған баспанасына көңілі толмайды. Айтуынша, лифт жиі тоқтайды. Ал пандус мүлдем істемейді. Оның үстіне пәтерінің терезесі жарылған.
АЙПЕРІ ҚҰБАНЫШБЕКҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Шілденің 7-сі мына үйге кірдім. Ппандустар істемейді. Арбамен көтерілуге мүмкіндік мүлдем жоқ. Үйді алтыншы қабаттан берді. Лифт істемесе қиын. Аяқ ауырады, амал жоқ.
Тұрғындардың сөзінше жауын жауса, төбеден су ағады. Мұнымен қоса қоқыс тастайтын орын дұрыс таңдалмаған. Сондай-ақ халық дербес шот аша алмай сенделіп жүр.
ЛЮДМИЛА РОМАНЕНКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Коммуналдық компанияларға барсақ, ондағылар біздің үй реестрде тіркелмегенін айтады. Салдарынан жеке есепшот ашу мүмкін емес. Ал тұрғындар коммуналдық қызмет ақысын төлеуге дайын. Өйткені суды, электр энергиясын пайдаланып отыр.
Мердігер компания өкілдері халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, кемшіліктердің барлығы реттеуге уәде етті.
НҰРЛАН САПАРОВ, МЕРДІГЕР:
— Бұл үй шамамен бір жарым жылдай бос тұрды. Сондықтан төбеден су ағу немесе басқа да ақаулардың анықталуы заңдылық. Жергіліті билік өкілдерімен бірлесіп, сенбі күні тексереміз. Артынша 15-20 күнде барлық олқылықтың орнын толтырамыз.
Айта кету қажет, баспаналы болған жандар әлі күнге дейін коммуналдық төлем жасамаған. Сонықтан әкімдік өкілдері шұғыл түрде мүлік иелерінің бірлестігін құруды ескертуде.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМАҚАН, ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Ең алдымен, тұрғындарға мүлік иелері бірлестігін құру қажет. Кейін үйдің дербес шоты ашылады. Содан соң әр пәтердің жеке шоты ашылады. Заң бойынша бұл процедуралар жақын арада жасалмайтын болса, сот арқылы осы соңғы 8 айда жиналған қарыз тұрғындардан өндіріледі.
Жауаптылардың сөзінше халыққа тұрмысқа қажет жағдай жасалады. Себебі үйдің әлі екі жыл кепілдігі бар.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

