Қазақстанда пәтер жалдау ақысы инфляциядан екі есе жылдам қымбаттап жатыр. Елордадағы пәтерлердің бір шаршы метрін жалдау бағасы қазір республика бойынша ең жоғары көрсеткішке жеткен. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының мәліметінде айтылған. Бағаның бұлайша шарықтауына не себеп? Нарықта қолжетімді баспана неге тапшы?
Астаналық Изабелла Әлиева осыған дейін бір бөлмелі пәтерді 200 мың теңгеге жалдаған. Алайда үй иесі бір-ақ күнде пәтер құнының барлық жерде қымбаттап жатқанын айтып, бірден 60 мың теңгеге көтеріп жіберіпті. Коммуналдық төлемді қосқанда, бір бөлмелі пәтердің айлық ақысы 300 мың теңгеден асады. Мұндай бағаны қалтасы көтермеген тұрғынға баспананы босатудан басқа амал қалмапты.

ИЗАБЕЛЛА АЛИЕВА, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Негізі, бұл пәтерде төрт жыл тұрдым. Бір бөлмелі студия еді. Жақсы пәтер, әрине. Бірақ коммуналдық төлемді қосқанда, айына 300 мың теңгеге шығады. Меніңше, бұл бағаға тұрмайды. Сөйтіп, бір күннің ішінде пәтерден шығуға мәжбүр болдым. Қазір көп адамның осындай жағдайға тап болғанын оқимын. Біреулерді пәтерден шығарып жатыр, енді біреулер амалсыз басқа баспана іздеуде. Бағаны 10 мың теңгеге емес, бірден 40-50 мың теңгеге көтереді. Айлығы 300 мың теңге болатын адам қайтпек?

Бұрын Астанада пәтер жалдау ақысы Алматыға қарағанда әлдеқайда арзан болатын. Бұл бас қалаға қоныс аударғысы келетіндер үшін үлкен артықшылық еді. Алайда қазір тұрғын үй нарығында жағдай өзгерген.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Астананың оң жағалауынан бір бөлмелі пәтер жалдаймын десеңіз, кемінде 200 мың теңгеңіз болуы керек. Екі бөлмелі баспана 280 мыңнан басталып, 450 мың теңгеге дейін жетеді. Ал үш бөлмелі пәтердің айлық ақысы 500 мың теңгеден кем емес. Заманауи, жайлы тұрғын үйде тұрғыңыз келсе, айына миллион теңге төлеуге дайын болыңыз. Бұл – елордадағы жалдамалы баспананың бүгінгі бағасы. Сарапшылардың айтуынша, Астанада үй жалдау құнының күрт өсуіне тұрғын үй саудасындағы баяу динамика әсер еткен. Осылайша, Елордада жалдамалы баспананың бір шаршы метрі 6 352 теңге болса, Алматыда – 6 288 теңге.
Мәселен, баспана сатып алу бір жылда шамамен 30 пайызға төмендеген. Ипотека рәсімдеуге шамасы жетпегендер енді пәтер жалдауға мәжбүр. Сұраныс артқан сайын баға да көтеріліп жатыр.

МАРИЯ АНПИЛОГОВА, ҰЛТТЫҚ PANA РИЕЛТОР ПАЛАТАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
— Жалға берушілердің кейбірі пәтерлерді қымбатқа жөндеп, оны арзанға бергісі келмейді. Оның үстіне, мұны бизнес деп қабылдамайды. Сондықтан нарықтық бағаға емес, тым қымбатқа ұсынады. Әсіресе тамыз, қыркүйек айларында пәтерді жалға беру құны қымбаттайды, себебі студенттер бұл мерзімде көп келеді.

Сарапшының болжамынша, алдағы бірнеше айда екі мегаполисте де жалдау ақысы сәл арзандауы мүмкін. Өйткені пәтер іздеушілер көбейетін негізгі маусым аяқталған. Ал сұраныс наурыз айынан бастап қайта жанданады.
Айта кетейік, Ұлттық банк 4 желтоқсанда базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін жариялайды. Алайда ол төмендеген күннің өзінде, бұл жалдамалы баспана бағасына бірден әсер етпейді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: