Елімізде балаларды интернеттегі қауіптен қорғау күшейтілмек. Енді онлайн ойындар мен қосымшаларға арнайы талаптар қойылып, барлық цифрлық платформада ата-ана бақылауы енгізілуі мүмкін. Бұл мәселе Құрылтайда өткен алғашқы Үкімет сағатында талқыланды.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Депутаттар балалардың цифрлық қауіпсіздігіне қатысты жаңа заң жобасын әзірлеген. Онда онлайн ойындардағы сатып алулар, бейтаныс адамдармен хат алмасу және өзге де қауіптер туралы алдын ала ескерту қарастырылған. Ал талапқа сай келмейтін ойындар мен қосымшалар бұғатталуы мүмкін. Тағы бір жаңалық – балаларға арнайы ID-карта беру ұсынылды. Ол баланың жеке басын анықтап, мемлекеттік көмекті уақытында алуына мүмкіндік береді. Бір қызығы, бұл заң жобасын әзірлеуге жасанды интеллект те көмектескен. Қазақстанда алғаш рет заң құжаты «AI-Quryltai» платформасы арқылы дайындалды. Жасанды интеллект 120-дан астам өзгеріс ұсынған. Әрине, оның бәрін депутаттар мен сарапшылар қайта қарап, пысықтаған. Қазір заң жобасы Үкіметтің қорытындысын алуға жіберілді.
Балалардың цифрлық емес өміріндегі қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. Оқу-ағарту министрінің айтуынша, соңғы екі жылда балабақшаларда балаға қатысты 42 резонансты факт тіркелген. Соның 37-і жеке балабақшада болып, 36-сында баланы тәрбиеші ұрып-соққан. Министр бұларға заңда қатаң жауапкершілік бар екенін айтты.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ
— Бала денесінде жарақат немесе басқа да күмәнді белгілер байқалса, тәрбиеші міндетті түрде балабақша басшысына хабарлауы керек. Ал балабақша басшылығы бұл туралы құқық қорғау органдарына жеткізуге тиіс. Мектепке дейінгі мекемеде бүлдіршінге қатысты мәселені қарастырмағаны үшін қазірдің өзінде 71 жеке тұлғаға әкімшілік айыппұл салынған. Бұдан бөлек, 127-баптың 3-бөлігінде балаға қатысты мәселелерге ден қоймаған балабақша басшыларының әкімшілік жауапкершілігі қарастырылған. Бүгінде осы бап бойынша 135 балабақша басшысы жауапқа тартылды.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН – ТІЛШІ:
— Балалардың ақшасын да айта кетейін. Биыл «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша балалардың есепшотына 901 миллион 700 мың доллар аударылған. Салыстырсақ, былтыр 888 миллион доллар болған. Қазір бұл бағдарлама еліміздегі 7 миллионға жуық баланы қамтиды, ал 400 мыңнан астам қазақстандық өз жинағын пайдаланып үлгерген.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

