Цифрлық платформаларда ата-ана бақылауы міндеттеліп, балаларға арнайы цифрлық жеке куәлік енгізілуі мүмкін. Ал онлайн ойындар мен маркетплейстерге жаңа талаптар қойылады. Елімізде балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заң жобасы әзірленді. Құжат Құрылтайдағы Үкімет сағатында таныстырылды. Тағы қандай өзгерістер енгізілмек?
Енді балалар тексерілмеген онлайн ойындарды ойнай алмайды. Ал маркетплейстерден тауар сатып алуына да шектеу қойылуы мүмкін. Қазақстанда балалардың цифрлық қауіпсіздігін күшейтетін жаңа заң жобасы әзірленді. Жаңа талап бойынша, онлайн ойындар мен цифрлық платформалар өз өніміндегі қауіп-қатерді алдын ала көрсетуге міндеттеледі. Мәселен, ойында бейтаныс адамдармен хат алмасуға бола ма, ақылы қызметтер бар ма – бәрі ашық жазылуы керек. Ал арнайы тексеруден өтпеген, белгісі жоқ ойындар мен қосымшалар балаларға қолжетімсіз болады.

ДИНАРА ЗӘКИЕВА, ҚҰРЫЛТАЙ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, «ӘДІЛЕТ» ПФ МҮШЕСІ:
— Барлық цифрлық платформада ата-ана бақылауы функциясы енгізіледі. Яғни, балаларға арналған арнайы сүзгі болады. Арнайы белгісі жоқ, тексеруден өтпеген қосымшалар мен ойындар балаға көрінбейді. Бала мұндай өнімдерді жүктеп ала алмайды.

Бұдан бөлек, балалардың маркетплейстер арқылы сауда жасауына да бақылау күшейеді. Қауіпті деп танылған цифрлық өнімдерді бұғаттау немесе өшіру талап етіледі. Ал заң талаптарын орындамаған платформа иелері жауапқа тартылуы мүмкін.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ПФ МҮШЕСІ:
— Қазір құрылтайда балаларды онлайн ортада қорғау туралы заң жобасы қаралып жатыр. Оның ішінде платформаларда 16 жасқа дейін тіркелуді шектеу туралы арнайы норма көзделген. Сонымен қатар балалар мен ата-аналардың цифрлық сауаттылық мәселесі де өте өзекті. Бізге тек тыйым ғана емес, балаларды шынайы қорғау керек.

Заң жобасында балаларға фотосуреті бар жеке ID карталарын енгізу де қарастырылған. Бұл баланың жеке басын цифрлық кеңістікте нақты анықтауға және құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Депутаттар әзірге жасанды интеллект ұсынған барлық норманы өздері және арнайы шақырылған сарапшылармен бірге қайта тексеріп, пысықтаған. Енді құжат Үкіметтің қорытындысына жіберіледі. Одан кейін жұмыс топтарында талқыланады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: