Туған жерден жырақта жүрсе де, елмен байланысын үзбеген отандастар Шымкентте бас қосты. Әлемнің 12 елінен келген қатысушылар тарихи Отанына сапарлап, оңтүстіктің киелі жерлерін аралады. Жиында шетелдегі қазақ тілін, ұлттық өнер мен салт-дәстүрді сақтап қалудың жолдарын талқылады. Шетелдегі отандастар елмен байланысты қалай нығайтпақ?
«Киелі Қазақстан – 2026» жобасының қатысушылары оңтүстік өңірдің киелі орындарына зиярат етіп, Шымкент пен Түркістан облысының көрікті жерлерін аралады. Тарихи мекендерді аралап, ата-баба мұрасымен танысқан қонақтар туған жердің бүгінгі келбетін де тамашалады. Олардың айтуынша, мұндай сапар тарихи Отанмен байланысты тереңдете түсуге мүмкіндік береді.
ЕСІМ ЛИ, ҚАТЫСУШЫ:
— Оңтүстік Кореяның Пусан қаласынан келіп отырмын. Шымкент-Түркістан – бұл қазақ халқы үшін, мен үшін де киелі жер. Бұйырып, Отандастар қоры осындай үлкен жоба бойынша бізді шақырып отыр. Сол жобаның арқасында келіп, үлкен әсер алып отырмыз.
ХУСЕЙН ЕРТҰҒЫРЫЛ, ҚАТЫСУШЫ:
— «Киелі Қазақстан» жобасына бірінші рет қатысып отырмын. Қаланы аралап, киелі жерлерге бардық. Шымкентті араладық, өте жақсы қала, барлығы ұнап жатыр.
Сапар аясында шетелде тұратын қазақтардың қатысуымен дөңгелек үстел де ұйымдастырылды. Оған Германия, Нидерланды, Түркия және өзге де елдерді қосқанда, әлемнің 12 мемлекетінен келген 20 отандас қатысты. Басқосуда шетелдегі қазақтардың ана тілін, ұлттық дәстүрі мен мәдениетін сақтап қалу мәселесі талқыланды. Қатысушылар өздері тұратын елдердегі қазақ қауымдастықтарының жұмысын жандандыруға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, Ресейдің Самара қаласынан келген Ерболат Сағындықов қазақ тіліндегі оқулықтар мен ұстаздардың көмегі қажет екенін айтады.
ЕРБОЛАТ САҒЫНДЫҚОВ, ҚАТЫСУШЫ:
— Біздің өлкемізде, өкінішке қарай, қазақ мектептері жоқ. Ұсынымыз – Қазақстаннан бізге көмек болса, ана тілді насихаттау, сақтау бойынша оқулықтар жіберсе әлде мұғалімдер Самараға келсе, үлкен үлес болар еді. Негізі, осы шараға қатысқаным үшін өте қуаныштымын. Шымқала деп естуіміз бар, өте әдемі, жақсы қала екен. Маған ұнады, жасыл қала екен. Халқы да өте қарапайым.
Жиында ұлттық өнерді дәріптеу мәселесі де назардан тыс қалмады. Қатысушылар шетелде ұлттық өнер мектебін ашу, домбыра үйірмелерін ұйымдастыру секілді бастамаларды ұсынды. Сондай-ақ әр елдегі қазақ диаспораларының атқарып жатқан жұмыстары таныстырылып, Қазақстан мен шетелдегі қандастар арасындағы мәдени және қоғамдық байланысты күшейту жолдары талқыланды.
ЫРЫСҚАЛИ ДӘУРЕНБЕК, «ОТАНДАСТАР ҚОРЫ» КЕАҚ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Өте маңызды іс-шара деп ойлаймыз, себебі биыл 12 елден қатысушылар жиналып, пікір алмасып жатыр. 2018 жылы басталған, қатарынан болып келе жатыр еді, COVID-19 кезінде үзіліп кетті. Сол үзілістен соң Шымкент пен Түркістаннан бастайық деп шешім қабылдадық.
Айта кетейік, «Киелі Қазақстан» жобасы шетелдегі отандастарды тарихи Отанның рухани-мәдени мұрасымен және киелі орындарымен таныстыруды көздейді. Сонымен қатар шетелдегі қазақ қауымдастықтарының өзара байланысын нығайтып, олардың Қазақстанмен мәдени әрі рухани сабақтастығын сақтауға бағытталған.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

