Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы күтіледі. 16 қарашада ел аумағында тұман түсіп, кей жерлерде көктайғақ болады. Сондай-ақ бірнеше облыста жаңбыр мен қар жауып, желдің екпіні күшеюі мүмкін. «Қазгидромет» мамандары Астана, Алматы және Қонаев қалаларында, сондай-ақ көптеген облыста тұман болатынын ескертті. Ал Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында тайғақ болады. Осыған байланысты синоптиктер тұрғындарды, әсіресе көлік жүргізушілерін жолда барынша сақ болуға шақырады.
АЙЖАН КӨМЕК, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ИНЖЕНЕР СИНОПТИГІ:
— Антициклонның орнына үлкен солтүстік циклонның терең жырасы келіп, алдағы күндері ауа райы күрт өзгереді. Алдымен, еліміздің батысында, кейін солтүстік-батысы мен солтүстігінде ауа райы өзгереді: жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын, көктайғақ құбылыстары күтіледі. Республика бойынша жел күшейеді. Солтүстік өңірлерде және оңтүстік облыстарда, таулы аймақтарда түнгі және таңертеңгі уақыттарда тұман күтіледі. Түнгі уақытта еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы минус мәнге дейін төмендейді. Ал орталықта, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерінде таулы аймақтарында сынап бағанасы −13…−18°С-қа дейін төмендейді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

