Астанадағы №102 мектепте оқушы екі баланы пышақпен жаралады. Оқиға білім ордасының ішінде болған. Оқушы қыз пышақты мектепке алып кіріп, қатарластарын жарақаттаған. Зардап шеккен екі жеткіншек аман. Олардың жағдайы қалай?
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Біз қазір №102 мектептің маңында тұрмыз. Мектеп басшылығы оқиғаға қатысты қандай да бір түсініктеме беруден бас тартып отыр. Сырттай қарағанда, білім ордасының іші-сырты қазір тыныш. Сабақтар кестеге сай өтіп жатыр. Оқиғаға келсек, пышақ ұстаған қыз 11 сыныпта оқиды. Ал жарақат алған балалар қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, екі ұл. Олардың не үшін жанжалдасқанын қазір полиция анықтап жатыр.

ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ:
«Екі оқушыға қажет медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлердің тексеруінен кейін екі пациент те амбулаториялық ем алуға жіберілді».

ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:
«Оқиғаға қатысы бар кәмелетке толмаған жасөспірім профилактикалық есепке алынып, Психикалық денсаулық орталығының мамандарына жіберілді. Оның заңды өкілдері баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауаптылыққа тартылды».

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұдан бөлек, мектеп қауіпсіздігіне жауапты күзет ұйымының әрекетіне де құқықтық баға берілмек. Полиция білім басқармасы мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға осындай жағдайлардың алдын алу туралы ұсыныс жолдаған. Тергеу жалғасып жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: