Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінде болған студент өлімінен кейін оқу ордасының проректоры мен деканы қызметінен қуылды. Университет баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдайға байланысты ЖОО басшылығы тарапынан шұғыл шаралар қабылданған. Атап айтқанда, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор, сондай-ақ география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы лауазымдарынан босатылған. Одан бөлек жатақханада сол күні кезекшілікте болған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетілген. Қазір олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.
Естеріңізге салайық, оқу орнында студент белгісіз жағдайда көз жұмды. Бейресми ақпарат бойынша, қайғылы жағдайдың алдында студенттер арасында төбелес болған. Полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстады. Ал Түркістан облысында жақындары Дауыл Бәкіртайды жерледі. 17 жаста қыршынынан қиылған марқұмның туыстары әділ тергеуді сұрайды.

СЕРІК ЕСБОЛАТ, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:
— Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ініміздің жүрек тұсынан үш рет ұрған. Ол жігіт спортсмен деп естідік. Бұл құлаған, құлағаннан кейін, көтеріп апарып төсегіне жатқызған. Жедел жәрдем шақырмай тұрайық, айғай-шу боп кетеді деп жүрген кезде бала көгере бастаған. 1 сағаттың шамасында уақыт өткізіп алған. Бұл бала сол жерде қысылып, жүректен кетті.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: