Астанада мектеп оқушысы екі сыныптасын пышақпен жаралады. Оқыс оқиға №102 мектепте сабақ кезінде болған. 11-сыныпта оқитын қыз ас үй пышағын білім ордасына өзімен бірге алып кірген. Мектеп директорының айтуынша, суық қаруды қатарластарына көрсеткен кезде екі оқушы оны қолынан тартып алмақ болып, жарақат алған.
Дәрігерлер балалардың жарақаты жеңіл екенін айтады. Ал мектепке суық қарудың қалай кіргені – енді тергеу нысанасы. Себебі сол күні оқушылардың бір бөлігі металл іздегішпен тексерілмеген. Мектеп әкімшілігі күзетшінің салғырттығын мойындап отыр.
Мектеп директорының айтуынша, оқиға алгебра сабағында болған. Оқушы қыз үзілістен кешігіп келіп, сабақ үстінде сөмкесінен ас үй пышағын шығарған.

ЭЛЬМИРА СҰЛТАНОВА, №102 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
— 11 сынып оқушыларының бірі өзімен бірге пышақ алып келген. Сол пышақты сабақтың үстінде екі сыныптасын қорқыту мақсатында көрсеткен. Сол кезде қасында отырған бала байқап қалып, ол пышақты ұстаған. Ұстаған кезде қолдарына кішкене жарақат алған. Қасында отырған оқушы пышақты тартып алмақ болғанда жараланған.
Мектепке оқушылар скуд-картамен кіреді. Бұған қоса, әр баланы металл іздегішпен тексеру міндеттелген. Алайда оқиға болған күні бұл талап сақталмапты. Мектеп директорының айтуынша, таңертең бірінші ауысымға 900 бала келген. Күзетшілердің бірі оқушылардың барлығын тексеруге үлгермеген. Сөйтіп, мектепке пышақ алып кірген қызды ешкім байқамаған. Күзетте екі адам болған. Оқиғадан кейін жауапты күзетші ауыстырылған. Қазір оқушы қыздың бұл әрекетке не себепті барғаны анықталып жатыр.

ЭЛЬМИРА СҰЛТАНОВА, №102 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:
— Балалардың мотивтері түсініксіз. Ешқандай конфликт орын алмаған. Қыз бала: «Мен жай ғана қорқытып, көрсеткім келді», — дейді. Ешқандай буллинг болған жоқ. Анасының сөзінше, ол ҰБТ-ға дайындыққа сол балалармен бірге барады. Ол балалар өте жақсы оқиды.
Мектептің мәліметінше, қыз тұйық, көпшілікпен араласа бермейтін оқушы болған. Сабақ үлгерімі төмен болғанымен, бұған дейін тәртіп бұзғаны туралы дерек жоқ.

ҚАДЫРЖАН ДОСЖАНОВ, ОҚУШЫ:
— Буллинг емес. Интернетте барлығы балалар қызға буллинг жасаған болуы мүмкін деп жазып жатыр. Бірақ олай емес. Мен ол қызды бір жылдан бері білемін. Сол бір жылда оған айтылған бір қалжыңды да көрмедім.
Ал жарақат алған екі оқушының жағдайы жеңіл. Дәрігерлер тексергеннен кейін оларды үйлеріне жіберген.

ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ:
«Екі оқушыға қажет медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлердің тексеруінен кейін екі пациент те амбулаториялық ем алуға жіберілді».

Қазір жасөспірім Психикалық денсаулық орталығында. Оның денсаулығына қатысты нақты диагноз жарияланған жоқ.

ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:
«Оқиғаға қатысы бар кәмелетке толмаған жасөспірім профилактикалық есепке алынып, Психикалық денсаулық орталығының мамандарына жіберілді. Оның заңды өкілдері баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауаптылыққа тартылды».

ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұдан бөлек, мектеп қауіпсіздігіне жауапты күзет ұйымының әрекетіне де құқықтық баға берілмек. Полиция білім басқармасы мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға осындай жағдайлардың алдын алу туралы ұсыныс жолдаған. Тергеу жалғасып жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: