Солтүстік Қазақстан облысында мектептегі әлімжеттік тыйылмай тұр. Жыл басынан бері өңірде буллингке қатысты 13 дерек анықталған. Енді мұндай жағдайдың алдын алу үшін 50-ге жуық білім ошағында жасанды интеллектіге негізделген камера орнатылды. Ақылды жүйе балалар арасындағы жанжал, төбелес пен агрессия белгілерін автоматты түрде анықтайды.
Петропавлдағы Әлихан Бөкейханов атындағы №25 мектепте бала қауіпсіздігі басты назарда. Аймақта алғашқылардың бірі болып аталған білім ошағына бейнеталдау жасайтын ақылды жүйе орнатылған. Ол оқушыларға күш көрсетілсе немесе әлімжеттік жасалса, оны дер кезінде анықтайды. Қырағы камера жасөспірімдердің эмоциялық күйін де назарда ұстайды.

Оқушының қысым көріп жүргенін ата-анасы да, мұғалімі де байқамай қалуы мүмкін. Ал жасанды интеллектіні алдау мүмкін емес. Агрессивті мінез-құлық танытып, төбелес шығарғандарды жүйе бірден тіркейді. Артынша небәрі 7 секунд ішінде мектеп әкімшілігіне ақпарат жібереді.

ӘСЕМГҮЛ СЕЙТҚҰЛОВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бұл камералар егер де оқушы немесе үлкен адам мектепке суық қару-жарақ әкелсе, оны анықтайды да директорға және әлеуметтік педагогқа міндетті түрде бірден сигнал береді. Сонымен қатар өрт ошағын анықтайды. Қазақстан бойынша 502 педофил осы Protector AI жүйесіне тіркелген. Егерде сол адамдар мектептің маңына жолайтын болса, міндетті түрде хабарлама келеді.

Қазір балалар арасындағы әлімжеттік қоғамды алаңдатып отырған мәселе. Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, жыл басынан бері еліміздің солтүстігінде буллингтің 13 дерегі тіркелген. Сондықтан жасанды интеллект өңірдегі білім беру саласына қауіпсіздік құралы ретінде еніп отыр.

ӘСЕЛ ОРАЗБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— 47 білім беру мекемесінде орнатылды. Бұл жоба екінші жыл қатарынан жүзеге асып келеді. Олардың 36-ы Петропавл қаласында, қалғандары аудандарда және бір балабақшада орнатылған.
Мұндағы басты мақсат – баланы жазалау емес. Керісінше оның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әр оқушының мектепке алаңсыз келіп, сапалы білім алуына жағдай жасау. Әзірге озық технология сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Болашақта мұндай жүйені басқа да білім ұяларына орнату жоспарланып отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: