Алматыда Toyota Camry көлігінің жүргізушісі өрт сөндіру машинасымен соқтығысып, қаза тапты. Жол апаты қала орталығында, «Атакент» маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, шақыртуға бара жатқан өрт сөндіру көлігі бағдаршамның қызыл түсі жанғанда қиылыстан өткен. Осы сәтте жеңіл көлік жүргізушісі бағдаршамның жасыл түсімен жүріп бара жатқан. Қатты соққы салдарынан екі көлік те жолдан шығып, бағдаршамды құлатып, арықтың жанына барып тоқтаған.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Жол-көлік оқиғасы салдарынан, өкінішке қарай, жеңіл автокөліктің жүргізушісі алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Оған медициналық көмек көрсетілгенімен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Ал арнайы көліктің жүргізушісі медициналық мекемеге жеткізілді. Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша Алматы қаласы Полиция департаментінің Анықтау басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен себебін жан-жақты анықтауға бағытталған қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

