Қарағанды облысында жол апатынан көз жұмған оқушының ата-анасы қайғылы оқиғаның куәгерлерін іздестіріп жатыр. 14 жастағы Ангелина Поганьконы Петровка ауылында көлік қағып кеткен. Қыз баланың ата-анасы бұл жағдайға осы жолмен күн сайын жұмысқа қатынайтын әйелді кінәлап отыр. Алайда ол әлі күнге дейін ұсталмаған, күдікті деп те танылмаған.
Жол апаты осыдан тура бір ай бұрын кешкі сағат тоғызда Петровка ауылының орталық көшесінде болған. Көлік қағып кеткен қыз бала оқиға орнында көз жұмды. Куәгерлердің айтуынша, жол апаты болған жерден ақ түсті автокөлік кетіп қалған. Олар көліктің мемлекеттік нөмірін суретке түсіру үшін бірден соңынан қуған. Бұл сәт бейнетіркегішке жазылып қалған. Кейін көлік қайғылы оқиға болған жерге қайта оралған. Тізгінде әйел адам болыпты.
ЮЛИЯ НАУРЫЗБАЕВА, ҚЫЗ БАЛАНЫҢ АНАСЫ:
— Ол мұны әдейі жасамағанын, бәріне қызымның өзі кінәлі екенін айтты. Қызым телефонмен сөйлесіп бара жатқан екен. Кейін оның бір баламен ұрсысып, жолға жүгіріп шыққанын естідім. Одан соң қызымның өзі көліктің астына секіргені туралы да айтылды. Бәріне қызымды кінәлап отыр. Бірақ олай емес. Ал жүргізуші сағатына 50 шақырым жылдамдықпен жүргенін айтады. Онда тежелу жолы неге соншалықты ұзақ?
Қаза тапқан Ангелинаның жақындары жүргізушінің неліктен бірден ұсталмағанын түсінбей отыр. Бір ай өтсе де, әйел әлі қамауға алынбаған. «Тіпті күдікті мәртебесі де берілмеген», — дейді. Ал жүргізуші келіншектің айтуынша, ол жылдамдықты сағатына 50 шақырымнан асырмаған.
ГҮЛЬМИРА РАХМЕНОВА:
— Мен бұл жағдайға қатты алаңдап отырмын. Бұл – мен үшін де үлкен қайғы. Ешкім ешқайда қашып, жасырынып жүрген жоқ. Тергеу жүріп жатыр. Қыздың ата-анасынан тағы да кешірім сұраймын. Мен жол апаты болған жерден кетіп қалдым, өйткені артқы орындықта үш жасар немерем отырған. Ол соққы алып, қатты шошып, жылап қалды. Мен шамамен 30 минуттың ішінде оқиға орнына қайта оралдым.
Полиция өкілдерінің айтуынша, әйелді күдікті деп тану немесе оған қандай да бір шектеу шараларын қолдану мәселесі сараптама қорытындылары шыққаннан кейін ғана қаралады. Сараптама жүргізушінің қандай жылдамдықпен жүргенін және өзге де мән-жайларды анықтауы тиіс.
НҰРЛАН АМАНЖОЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД АБ ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫН ТЕРГЕУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
— Петровка ауылында кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні көлік қағу дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Іс жүргізушінің жол қозғалысы ережелерін бұзуы салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу, сондай-ақ жүргізушінің жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу фактілері бойынша тергеліп жатыр.
Осы оқиғаға қатысты екі тарап та адвокат жалдаған. Қаза тапқан қыз баланың туыстары кінәлі адамды қатаң жазалауды сұрап отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

