Бюджеттен қаражат бөлінсе, отандық тауар өндіруші тек отандық өнім өндіруге тиіс! Отандық өндірісті дамыту және қолдау мәселелері қарастырылған Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов осындай талапты алға тартты. Жалпы, алдағы үш жылда ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесін 80 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында құрылыс материалдарына деген қажеттілік айқындалып, оларды өндіретін жаңа кәсіпорындар алдына үлкен міндеттер қойылады деген сөз.
Үкімет отырысында елімізде кешікпей жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа кәсіпорын іске қосылатыны жайлы белгілі болды. Жоспарланған барлық жоба жүзеге асатын болса, 17 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Оның ішінде ауылдық жерлердегі 5 мыңнан аса адамға «екі қолға бір күрек» табылып, еңбекке араласпақ. Жобалар толық қуатына шыққан жағдайда, жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, 500 млрд теңгесі экспортқа бағытталады.

ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:
— Мемлекет басшысының 2027 жылды «Халықтық құрылыс» жылы деп жариялауы отандық құрылыс материалдарын, жабдық пен бұйымдар өндірісін дамытуға қосымша серпін береді. Құрылыс саласын дамыту жөніндегі ауқымды міндеттер отандық өндірісті және ішкі нарықтағы қазақстандық өнімнің үлесін арттырумен қатар жүруге тиіс. Бүгінде ішкі нарықтағы сұраныстың шамамен 73%-ы отандық өнімге тиесілі. Алайда жылу оқшаулағыш және керамикалық тақта, композиттік және қаптау материалдары сияқты жекелеген өнім түрлері импортқа тәуелді болып отыр.

Осыған байланысты «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында құрылыс материалдарына деген қажеттілік айқындалып, оларды өндіретін жаңа кәсіпорындарға инвестиция тарту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар құрылыс жобаларын жүзеге асыру кезінде отандық құрылыс материалдарын негізсіз импорттық өнімдермен алмастыруға жол бермеу шаралары қабылданады.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Қарапайым сөзбен айтатын болсақ, біз бюджеттен қаражат бөлсек, оны игеретін компания қазақстандық болуы керек, ол ақшаға сатып алынатын материалдар, тауарлар қазақстандық болуы керек. Болды. Оп-оңай қағидат. Оны бәріміз ұстануымыз керек. Ал егер Қазақстанда қандай да бір тауар өндірілетін болса, біз oны сатып алмай, импорттап алып келетін болсақ, ол –мемлекет мүддесіне қайшы келетін әрекет. Оны үзілді-кесілді айту керек. Үкімет мүшелеріне және өңір басшыларына айтатыным, ескеріңіздер!

100 мың теңгелік костюм. Отандық өнім дегенде, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков қазақстандық тігіншілер тіккен костюмінің бағасы қанша екенін айтты. Сондай-ақ оның матасы шетелден әкелінетінін де мойындады. Оның айтуынша, Қазақстанда әзірге киім өндірісін толықтай отандық шикізатпен қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр. Мәселен, елде мақта-мата өндірілгенімен, аралас және жүн маталар шетелден әкелінеді. Журналистер Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте шенеуніктен киімін толықтай қазақстандық өнім деп атауға бола ма деп сұраған еді.

ОЛЖАС САПАРБЕКОВ, ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Қазіргі таңда Қазақстанда мақта-мата өндірісінің кластері жұмыс істеп тұр. Яғни мақта-мата өнімдері өндіріледі. Алайда жүн матасына қатысты бірқатар мәселе бар. Өкінішке қарай, мұндай мата елімізде әзірге өндірілмейді. Сондықтан қазір үстімдегі костюм толығымен «Қазақстанда жасалған» деп айтсам, сіздерді жаңылыстырған болар едім. Иә, матасы шетелден әкелінген. Бірақ костюмнің өзі Қазақстанда тігілген.

Вице-министр ғана емес, үстіндегі киімі туралы «Даму» қорының төрағасы Фархат Сәрсекеев те айтып берді. Ол өткен жылы «Қазақстандық өнімді сатып ал» челленджін бастағанын еске салып, еліміздің әр өңірінде киім мен аяқ киім өндіретін кәсіпорындар бар екенін атап өтті.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: