16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салынуы мүмкін. Құрылтайда осындай ұсыныс айтылды. Бұдан бөлек, желіде балағат сөз жазып, жала жапқандарды жазалау көзделіп отыр. Ал 5 мыңнан астам оқырманы бар блогерлерге қандай талап қойылмақ?
Цифлық ортада жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударылды. Енді 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қойылуы мүмкін. Мәжілісте қаралған заң жобасындағы ең маңызды ұсыныстың бірі осы. Министр мұндай қадамды балаларды зиянды контенттен қорғау қажеттігімен түсіндірді. Өйткені интернетте заңсыз ақпарат азаймай тұр. Мәселен, биыл 10 айда 128 мыңнан аса заңға қайшы материал анықталған. Соның 30 пайызы әлі өшірілмеген.
АРМАН ҚЫРЫҚБАЕВ, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ:
— Бүгінде балалардың платформалардағы ақпаратқа, оның ішінде зиянды және деструктивті контентке қол жеткізу іс жүзінде шектелмеген. Осыған байланысты он алты жасқа толмаған балалардың платформаларда тіркелуіне тыйым салу ұсынылады.
Платформа иелері мен олардың өкілдіктері пайдаланушылардың жасын тексеру шараларын қабылдауға міндетті болады.
Бұл ретте тыйым тұлғааралық қарым-қатынас жасауға, ата-аналармен және мұғалімдермен байланыс орнатуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды.
Жаңа талап блогерлерді де айналып өтпейді. 5 мыңнан астам жазылушысы бар аккаунт иелері мемлекеттік органда тіркеуден өтіп, қажет мәліметтерді ұсынуға міндеттелмек. Ал интернет арқылы курс сатып, сабақ өткізетіндер біліктілігін құжатпен дәлелдеуге тиіс. Яғни дипломы немесе тиісті сертификаты бар екенін көрсетуі қажет. Ал әлеуметтік желіде біреуге жала жауып, балағат сөз жазғандар әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін. Тіпті жалған ақпарат таратқан адам оны сол парақшасында теріске шығаруға міндеттелмек.
Әзірге мұның бәрі – ұсыныс. Заң жобасы Құрылтайдың бірінші оқылымында мақұлданды. Талаптардың нақты қалай жұмыс істейтіні алдағы талқылауларда белгілі болады. Бұл жерде тағы бір айта кететін жайт, Құрылтайда ұсынылған құжаттың жобасы журналистердің құқығын шектемейді. Мәселен, ресми іс шара кезінде мемлекеттік орган өкілі немесе Құрылтай депутатына сұрақ қойып, оны телефонға түсіруге тыйым салынбайды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

