Баспана мен көлік алуға пайызсыз несие береміз. Қарызыңызды қайта қаржыландырамыз. Мұның бәрі жұрттың ақшасын тартудың амалы болып шықты. «Buyers Union» қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген бес адамға қатысты тергеу аяқталды. Енді бұл іспен сот айналысады.
Күдіктілер еліміздің бірнеше қаласында кеңсе ашып, әлеуметтік желі арқылы жұртты жаппай тартқан. Нәтижесінде, 332 адамнан жарты миллиард теңгеден астам ақша жинаған. Қаржы пирамидасының жұмысын жасыру үшін тұтыну кооперативі деген мәртебені пайдаланған. Алайда тиімді ұсыныстың артында күмәнді шарт тұрған. Қатысушы алдымен бастапқы жарнасын төлеп, кооперативке мүше болуы керек. Ал уәде етілген ақшаны алу үшін кезекке тұрған. Бірақ кезектің жылжуы жаңадан қанша адам тартылғанына және олардың қанша қаражат салғанына байланысты болған.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Кооператив мүшелерімен жұмыс істеу үшін «TrustContact» және «TrustMe» цифрлық платформалары пайдаланылған. Олар арқылы келісімшарттарды онлайн жасасуға, жеке кабинетке кіруге, салған қаражатты және кезектің жылжуын бақылауға мүмкіндік берілген. Осылайша 332 азаматпен жалпы сомасы 562 млн теңгеден асатын келісімшарттар жасалған. Соттың рұқсатымен 6 автокөлікке, 5 513 USDT және 1 003 Futeres көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

Бөлісу: