Терроризм туралы жалған хабар таратқаны үшін елімізде жыл басынан бері 23 адам қылмыстық жауапқа тартылған. Оның жетеуі – 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірім.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, кейбір бала жарылғыш зат қойылды деп әзілдеп, жұрттың назарын аударғысы келеді. Бірақ мұндай «ойынның» соңы бес жылға дейін бас бостандығынан айырумен аяқталуы мүмкін. Жалған хабардан кейін мектеп, аурухана мен басқа да мекеме шұғыл эвакуацияланады. Оқиға орнына полиция, құтқарушылар мен арнайы қызмет жұмылдырылады. Ал олардың жұмысына кеткен шығынды кінәлілер өз қалтасынан өтеуге міндетті. Министрлік ата-аналарды балалардың интернеттегі әрекетін бақылауға шақырды. Ведомство өкілдері мессенджер арқылы жасырын жіберілген хабарламаның өзі қылмыстық іске себеп болуы мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан баланың мұндай «әзілінің» арты темір торға апаруы мүмкін екенін ата-ана да, жасөспірім де түсінуі керек. Ескеретін жайт, мұндай қылмыс үшін жаза 14 жастан бастап қарастырылған.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал

